KZ
Өскемен
плотный туман жел 1 м/с, С
478.96 533.03 5.22

Шығысқазақстандықтар неге көмір алмайды?

11.07.2022, 11:23 329

Жылдағыдай көмір қоймасында ұзын-сонар кезек пен дүрбелең болмас үшін жаз маусымында халыққа көмір алуды барынша үндеп жатыр. Қара алтын облыс басшылығының бұйрығымен уақытылы жеткізгенімен, облыс тұрғындары оны алуға асығар емес, деп хабарлайды Altaynews тілшісі. 

Тәжірибе көрсеткеніндей, алғашқы аяз түссе болды, көмірге деген кезек те көбейеді. Осыдан барып елдің дүрлігуі мен қара отынның қымбаттауы басталады.

- Маусымның 10-нан бастап әлеуметтік көмір беріліп жатыр. Бүгінде 338 адамға көмір берілді. Әкімдікпен күнделікті тізім құрылып отырады. Сол тізім бойынша тұрғындарға көмір беріп жатырмыз. Қыстың қамын жаз ойла дейді, халықты жаз айларында көмір алып алуға шақырамын. Қазір таңдап жүріп, алатын мүмкіндік те жасадық. Көріп тұрғандарыңыздай кезек жоқ. Көмір арзандамайды. Осы бағамен сатылады, - дейді «Терминал отын компаниясы» ЖШС директоры Мансұр Бекбауов.

Алайда оны алып жатқан тұрғындар жоқ. Сол күннің суытқанын күтіп отырғандай. Күн сайын облыс орталығындағы Сол жағалау темір жол тұйығына 10-15 вагон көмір жеткізіледі.  Оның әрқайсысы - 65 тонна.

Облыс орталығы Өскеменде қазір әлеуметтік көмірдің бір тоннасы 11 300 теңгеден, коммерциялық көмір – 11 800 теңгеден сатылып жатыр. Одан бөлек,  қосымша көлік шығыны да бар.

- Бүгін әлеуметтік көмір алуға келіп отырмын. Бір апта бұрын көмір алып кетуге жазылып қойғанмын. Алып жатқан көмірдің сапасы өте жақсы әрі кезек те жоқ, көңілім орнына түсіп отыр. Бағасы да төмен, қаражатыңыз да жеткілікті болса, осы уақыттан бастап неге қамданбасқа? Бұл  отбасы бюджетін үнемдеуге де көмек, - дейді таңмен таласып көмір алуға келген Красин кентінің 66 жастағы тұрғыны, зейнеткер Галина Новикова.

2

Әрине, көмірді ерте кезден емес, дәл мезгілінде алудың себептері сан алуан. Бірінің қаражаты жетпейді, екіншісіне физикалық жағдай әсер етеді. Десе де, көбінің ойы отынды  ерте алса ескіріп қалатындай көрінеді.

Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар, депуттатар да алдағы жылу маусымында былтырғыдай қатты отын тапшылығын болдырмаудың жолдарын қазірден қарастырып, халықтың бей-қам жүргеніне алаңдаулы.

-«Кедергісіз келешек», «Ардагерлерді ардақтайық!» партиялық жобалары аясында қаладағы осал топтағы тұрғындары жаз маусымында әлеуметтік көмірмен қамтамасыз етуіне бақылау жасау, қолдау көрсетуде бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ешқандай кедергісіз осал топтағы адамдар көмірлерін алып кетіп жатыр. Ең өкініштісі әлеуметтік көмірге де, коммерциялық көмірге де келушілер аз. Менталитетіміз сондай ма, жаз кезін ойын күлкімен өткізіп, алғашқы қар жауғанда қимылдай бастаймыз, - «Аманат» партиясы Өскемен қалалық филиалының атқарушы хатшысы Арайлым Есімбекова.

WhatsApp Image 2022-07-11 at 11.17.27.jpeg

Әзірге мұнда келіп жатқандардың басым бөлігі - қала тұрғындары. Дегенмен, кейбір тұрғындар «Защита» көмір тұйығындағы қара отынның сапасына қатысты сын да айтып жүр.

- Көмірдің сапасына қатысты сын-шағымдар да келіп түскен жоқ. Барлық көмір бір жерден келіп жатыр. Ал ондай қауесет тер шындыққа жанаспайды. Шынында да 80-100 мың теңгеге көмір алғаннан кейін сапасыз болса, ешкім алмас еді. Ал вагондардың дер кезінде келмеуіне байланысты мәселеге келер болсақ, облыстық әкімдік Қазақстан Темір жолымен келісім жүргізіп жатыр, шешілетін мәселе, - дейді депутат Арайлым Керімбекқызы.

WhatsApp Image 2022-07-11 at 11.17.28 (1).jpeg

Айта кетейік, халықтың әлеуметтік қорғалмаған бөлігін қолдау мақсатында Өскемен қаласының әкімдігі «Қаражыра» АҚ-мен көмірді төмендетілген құнмен беру туралы үшжақты Меморандумға қол қойды. Жалпы көлемі 35 000 тоннаға жуық 6,5 мың отбасын әлеуметтік бағадағы көмірмен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Әлеуметтік көмірге құқығы бар халықтың санаттарына мына топтар жатады:

- аз қамтылған азаматтар;

- мүгедектер және ҰОС қатысушылар;

- интернационалист жауынгерлер;

- Чернобыль АЭС жоюға қатысушылар;

- жасына байланысты зейнеткерлер;

- 1 және 2 топтағы мүгедектер;

- көп балалы отбасылар;

- мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;

- толық емес отбасылар;

- репатрианттар.

Отын сатып алу мәселесі бойынша тұрғылықты жеріңіздегі аумақтық басқару орталықтарының филиалдарына хабарласу қажет.

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив