Өзге ұлтты әскерилер мемлекеттік тілден байқауға қатысты
Фото: Ұлттық Ұланның "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы
Өскеменде «Мемлекеттік тіл – менің тілім» сайысының ІІ кезеңі өтті.
Бұл шара Ұлттық ұланның "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының ұйытқы болуымен жыл сайын ұйымдастырылады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Жарысқа Павлодар, Абай және Шығыс Қазакстан облыстарынан келген 7 өзге ұлтты әскери қызметкер қатысты. Алғашқы кезеңде қатысушылар өздерін таныстырды. Одан кейін сайысқа қатысушылар мақал-мәтелдер айтып, сынға түсті. Шешуші «Өрлеу» кезеңінде арнайы сахналық қойылым қойды.
Сайысқа қатысушылардың бірі – Павлодардағы 6679 әскери бөлімінің командирі кіші сержант Николай Капитулин. Ол қазақ тілін бала кезінен жетік меңгерген. Оның пікірінше, әр азамат мемлекеттік тілді құрметтеуі тиіс.
"Шығыс" өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің бастығы Бағдат Амангелдінің айтуынша, екінші кезеңнің жеңімпаздары қыркүйек айында өтетін республикалық байқауға жолдама алды. Дәстүрлі сайыстың жеңімпаздары енді алдағы республикалық байқауда бақтарын сынайды.