Өңірде АПВ-ға қарсы екпе науқаны баяу жүріп жатыр
kamgov.ru
Облыста жасөспірім қыздар арасында адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялау баяу жүріп жатыр. Бүгінгі таңда екпе алуға жататын қыздардың 18% ғана екпе алды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің берген ақпаратына сүйенсек, қараша айының біріндегі мәлімет бойынша облыста 11-13 жастағы 14951 қыз бар екен. Тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдерді ескере отырып, олардың 14203-і екпе алуға тиісті. Бүгінгі таңда осы контингенттің 18% ғана екпе алған. Ең жоғары көрсеткіш Өскемен қаласында, 718 өскемендік жасөспірім қыз вакцина салдырды. Қыздарды және олардың заңды өкілдерін екпе алу үшін мектептерге немесе тіркелген медициналық ұйымдарға шақырады. Екпені ата анасының бірінің немесе баланың заңды өкілінің ерікті ақпараттандырылған келісімін алғаннан кейін ғана салады.
Естеріңізге сала кетейік, «Қазақстан Республикасында адам папилломасы вирусына қарсы вакцинацияны ұйымдастыру және жүргізу туралы» 2024 жылдың 17 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №11 Қаулысына сәйкес АПВ-ға қарсы екпе алуға 11 жастан бастап 11 жас 11 ай 29 күнді қоса алғанға дейінгі жастағы қыздар жоспарлы екпе алуға, ал 12 жастан бастап 13 жас 11 ай 29 күнді қоса алғанға дейінгі жастағы қыздар толықтыра жатады.
Айна Ескенқызы