KZ
Өскемен
-20°
туман жел 2 м/с, СБ
504.6 594.27 6.48

Батыр бабалар рухына тағзым: Ұланда жаңарған аллея ел игілігіне берілді (видео)

7.05.2025, 10:50 1 915 Рағызбаева Ақерке

Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кентінде жаңғыртудан өткен Батырлар аллеясының салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Altainews.kz  тілшісі.

Алғаш рет 2015 жылы «Туған жерге тағзым» акциясы аясында кәсіпкер-меценат Қайрат Мусиннің бастамасымен бой көтерген бұл аллея биыл толық жөндеуден өтіп, жаңа келбетпен ел игілігіне қайта берілді. Жаңартылған нысан – батырлардың ерлігін ұлықтап, тарихи шындықты сақтау, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мақсатында жасалған маңызды қадам.

Салтанатты шара биылғы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты мерекелік жиын аясында өтті.

– Қасым Қайсенов кентіндегі Батырлар аллеясының жаңартылған келбеті – бұл тарихымызға тағзым, батыр бабаларымызға деген шексіз құрметтің айғағы. Өйткені Ұлан өңірінен ел қорғау жолында ерлігімен ел есінде қалған он батыр шыққан. Олардың есімдері мәңгілікке алтын әріппен жазылып, ұрпақ жадында жаңғыра бермек. Аллея ел рухын асқақтатып, жас буынды отансүйгіштікке баулитын маңызды орынға айналары сөзсіз, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Шараға Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің ұлы Болат Қайсенов те арнайы қатысты.

– Бүгін – мен үшін ерекше күн. Әкемнің туған жерінде оның есімі берілген аллея мен муралдың ашылу рәсіміне қатысу – зор мәртебе. Әкем – тек соғыс ардагері емес, еліне адалдығымен, табандылығымен танылған нағыз патриот еді. Бұл ескерткіштер – оның ерлігіне деген елдің алғысы мен құрметінің белгісі. Мұндай нысандар – жас ұрпаққа үлгі, – деді Болат Қайсенов.

Салтанатты жиын барысында Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтары қойылды.

Фото: Махаббат Ахметжанова

Видео: Жәнібек Ырысбай


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу