33 жас шекарашы – ел шебінің жаңа қорғаушылары - ШҚО
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірдің мемлекеттік шекарасында қызмет ететін жоғары әскери оқу орындарының түлектерімен кездесті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ел шекарасын қорғау – жай ғана қызмет емес, бұл – ерекше миссия. Дәл осы жайында ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен 33 жас офицердің салтанатты жүздесуінде сөз қозғалды. Кездесуге ҚР ҰҚК Шекара академиясының және шетелдік әскери оқу орындарының түлектері қатысты. Олар өңірдегі шекара бөлімшелерінің офицерлер қатарын толықтырады.
Отан қорғаушыларға арнаған сөзінде Нұрымбет Сақтағанов қиын да, бірақ мәртебелі жолды таңдағандары үшін алғысын білдірді.
— Шекарашы болу – қарапайым мамандықтан жоғары мәртебе. Бұл қызметке түсу үшін сіздер қатаң іріктеуден өтіп, мықтылардың мықтысы екендеріңізді дәлелдедіңіздер. Мемлекеттің және туғандарыңыздың сенімін ақтайтыныңызға кәміл сенемін. Қызметтеріңізді абыроймен атқарып, өздеріңізбен бірге біз де, отбасыларыңыз да мақтан тұтсын, – деді өңір басшысы.
Әкім Шығыс Қазақстанның – күрделі географиясы бар, шекарасы ұзын өңір екенін атап өтті. Соған қарамастан, өңір шекарашылары жоғары дайындық, батылдық және кәсіби шеберліктерімен ерекшеленеді.
Жас офицерлер де көрсетілген ықылас пен қолдауға алғыс білдірді. Лейтенанттар атынан сөйлеген әріптестері өз миссиясының маңыздылығын және қоғам тарапынан сезілетін қолдауды атап өтті.
ҰҚК Шекара қызметі департаменті бастығының ШҚО бойынша орынбасары, полковник Серік Бершбаев жас түлектердің өңірдің барлық аумағында қызмет атқаратынын және бірден үлкен жауапкершілік жүктелетінін айтты.
Ресми бөлімнен кейін офицерлер өңір басшылығымен еркін форматта сөйлесті. Әкім қызмет жағдайы, тұрмыстық мәселелер туралы сұрап, ұсыныстар мен ескертпелерін тыңдады. Бұл ашық әңгіме жас шекарашылардың өңірлік күн тәртібіне қатыстылығын сезінуге мүмкіндік берді.
Серік Бершбаевтың айтуынша, кездесудің басты мақсаты – жас офицерлерді облыс басшылығымен таныстыру ғана емес, олардың бойында патриотизмді, өз таңдауының маңыздылығын және шекара қызметінің жоғары мәртебесін сезіндіру.
Шекара қызметіне қабылдау – тек кадрлық мәселе ғана емес, бұл – сенім мен стратегиялық болашаққа қатысты маңызды қадам. Ұзын шекарасы бар Шығыс Қазақстанға жоғары білікті, дайын және адал мамандар қажет.
Осылайша, 33 жас офицер-шекарашы Шығыс Қазақстанның шебін қорғау қызметіне кірісті.
Дамир Омаров
Фото: Махаббат Ахметжанова
Видео: Евгений Щетников









