Үздік курсанттар Президенттен офицерлік погон алды (видео)
Мемлекеттік рәміздер күні – әрбір қазақстандық үшін аса маңызды әрі елдік рухты көтеретін айтулы күн. Осы мереке күні еліміздегі жоғары әскери оқу орындарының үздік түлектері Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан офицерлік погон алды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жоғары әскери оқу орындарының үздік түлектеріне офицерлік шендерді салтанатты түрде табыстау – олардың қажырлы еңбегі мен елге адал қызмет етуге берген сертінің символы іспетті.
Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан офицерлік погон алғандар қатарында ҚР ІІМ Ұлттық ұлан академиясының үздік курсанттары Диас Беделбай мен Әділет Шалқарұлы бар. Бұл – жас офицерлер үшін үлкен абырой ғана емес, сонымен қатар зор жауапкершілік.
Сондай-ақ салтанатты шара барысында ҚР Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ержан Сәденов те бірқатар түлекке офицерлік погон табыстады. Олардың қатарында Азамат Зұлқарнаев, Думан Айткенов және Әмір Төлеуханов сынды болашағынан зор үміт күттіретін жас офицерлер бар.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде әскери атақтарды дәл Мемлекеттік рәміздер күніне орай табыстау игі дәстүрге айналғанын атап өтіп, бұл қадамның терең символдық мәніне ерекше назар аударды. Мемлекет басшысы әскери қызметтің маңыздылығына тоқталып, Отан қорғау – кез келген азамат үшін үлкен жауапкершілік пен зор абырой екенін айтты.
Биыл ҚР ІІМ Ұлттық ұлан академиясын 175 курсант сәтті аяқтап, лейтенант атағын алды. Бұл – еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жаңа буын офицерлер қатарының едәуір толыққанының дәлелі. Барлық түлек білім мен тәртіпті, төзімділік пен батылдықты ұштастыра отырып, әскери қызметтің жауапты жолына қадам басты.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланы баспасөз қызметінің мәліметінше, Ұлттық ұлан академиясы – еліміздің ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында кәсіби кадрлар даярлайтын жетекші оқу орындарының бірі. Онда тек мықты дене дайындығы мен әскери білім ғана емес, сондай-ақ патриоттық тәрбие мен Отанға деген адалдық та басты құндылық ретінде қалыптасқан.
Жаңа офицерлерді құттықтай отырып, олардың елімізге адал қызмет ететініне, әскери антқа берік болатынына және ел сенімін ақтайтынына сенім білдіреміз.


