ШҚО-да арнайы операция: 300 келі есірткіні жүк көлігінің шанағына жасырған
Сәуір айының соңында ШҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері бұрын сотты болған Жамбыл облысы тұрғынының жекелеген адамдармен тұрақты есірткі арналарының жұмысын ұйымдастырып отырғаны туралы ақпарат алған.
Ол «марихуана мен гашиш» есірткі заттарын жүк көлігіндегі жасырын орынға салып, Өскемен қаласына өткізу үшін жеткізіп отырғаны анықталды. Осы схеманың барлық қатысушылары, оның ішінде есірткіні қала тұрғындарына өткізуді тікелей жүзеге асырған адамдардың жеке басы анықталғаннан кейін, құқық қорғаушылар оларды ұстауға кірісті.
Бастапқыда осы өңірдегі есірткі өткізуші 43 жастағы қала тұрғыны ұсталды, одан 1,5 келі марихуана тәркіленіп алынды. Кейін гараж кооперативтерінің бірінен есірткі қоймасы табылған, онда «қоймашы» деп аталатын 40 жастағы Өскемен қаласының тұрғыны қалаға әкелінген есірткіні сақтаған. Ол жерден 74 келіден астам марихуана және 1,7 келі гашиш алынған.
Арнайы операцияның соңғы кезеңінде 17 мамыр күні облыс орталығына аса ірі көлемдегі есірткіні тағы да әкелу кезінде «жеткізушінің» өзі, яғни 50 жастағы Жамбыл облысының тұрғыны ұсталды.
Оның басқаруындағы жүк көлігі шанағының алдыңғы бөлігіндегі арнайы жабдықталған жасырын орыннан 300 келіден астам марихуана және 8 келіге жуық гашиш табылған.
- Осы есірткі арнасын жою барысында 380 келіден астам өсімдік тектес әртүрлі есірткі заттары алынды. Қазіргі уақытта күдіктілер ҚР ҚК-нің 297-бабы бойынша қылмыстық жауапқа тартылуда, аталған қылмыс үшін 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген, - дейді ШҚО ПД бастығы полиция полковнигі Сағат Мәдиев.
Қолда бар дерек бойынша тәркіленіп алынған есірткі заттарының «қара базардағы» құны 320 миллион теңгеден асады.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.