Риддердегі алапат өрт: Қайтыс болғандар мен күйік шалғандар бар (ВИДЕО)
![](/kz/uploads/posts/iblock/405/405ff93164f1383671e4242783a4f046.jpeg)
Риддердегі өрттен қаза болған адам мен күйік шалғандар бар. Өрттің ошағында, орманда орман шаруашылығы жеке құрамының, жергілікті атқарушы органдардың және ШҚО ТЖД өрт сөндірушілерінің 118 адамы және 20-дан астам техника жұмыс істеуді жалғастыруда.
Қазіргі уақытта жанып жатқан орман алаңы 310 га құрайды. Өртті сөндіруге көмекке МИ-8 және МИ-2 авиа орман күзетінің 2 тікұшағы келіп, 17 500 текше метр су төкті.
Жедел жәрдем қызметі Лесхоз кентінен 1949 және 1980 жылы туған екі ер адам күйік шалып, жергілікті ауруханаға, жансақтау бөліміне жеткізген. Полиция қызметкерлері үйлердің бірінен 1948 жылы туған әйелдің денесін тауып алды, мән-жайлар мен деректер нақтылануда.
Айта кетейік, бүгін 101 қызметіне Риддер орман шаруашылығының жанындағы Лесхоз кентінің тұрғындарынан шамамен екі гектар алқапта құрғақ шөптің жана бастағаны туралы хабар түсті. Оқиға орнына ШҚО ТЖД орман шаруашылығы және өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері келді. Өртті сөндіруге барлығы алты техника мен жеке құрамның 100-ден аса адамы жұмылдырылды.
Өрттің неден шыққаны әзірге белгісіз, алдын ала болжам бойынша, отты абайсыз қолдану, бірақ тұрғындар қасақана өрт шыққанын мәлімдеді.