KZ
Өскемен
+6°
ясно жел 1 м/с, С
479.23 534.96 5.16

Өскеменде 16 жастағы қыз жігітінің қолынан қаза тапты

1.04.2021, 16:33 195

Куәгерлердің айтуынша, жігіт алдымен қыздың бетінен ұрған, кейін басын бетонға соғып, пышақ сұққан, деп хабарлайды Altaynews тілшісі. 
Бұл оқиға 30 наурыз күні түнде Өскемендегі ірі сауда үйінің маңындағы болған. Сол күні кешкі уақытта Абай даңғылындағы дәмханалардың бірінің маңында бірнеше полиция мен жедел жәрдем көлігі тұрғанын да куәгерлер көреді. Кейін бұл деректі полиция да растап, түсініктеме берді.

- Күдікті анықталып, қолға түсті. Қазіргі уақытта аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабына сәйкес адам өлтірді деген күдікпен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу деректері жария етілмейді, - деп хабарлады ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Адам өлімі туралы бұл факті бізді бей-жай қалдырмады. Полиция берген мәліметке қанағаттанбай, қайтыс болған бойжеткен туралы жаңа дерек іздестіре бастадық. Осылайша жәбірленушінің туысын таптық (аты-жөнін жазбауды өтінді). 
Вероника Смотрикинаның жасы 16-да, кішкентай кезінде жетімдер үйінде болған. Кейін туған ағасы екеуін Ұлан ауданы, Манат ауылында тұратын  отбасы патронаттық тәрбие негізінде асырап алған. Өскемендегі педагогикалық колледждің 1 курс студенті. Сабақ үлгерімі өте жақсы, мектепті қазақша оқыған. 
Туысының берген мәліметі бойынша, дәл сол күні Вероника сауда үйі маңындағы жұмысына (кәуапхана дейді) жігітімен барады. Қыз жұмыста жүрген уақытта, жігіт «Встреча» кафесінде достарымен ішімдік ішіп отырған.  Кейін Вероника «үйге қайтайық» деп өтінгенде, жігіт бұлқан-талқан болып,  даудың арты жанжалға айналады.

- Осыдан кейін екеуі кафеден тысқа шығып, жанжал жалғаса түседі. Әлішер (күдікті) алдымен Верониканың бетінен ұрады, кейін басын бетонға соғып, пышақпен жарақаттайды. Осылайша жап-жас қыз оқиға орнында қаза тапты. Қай жерін нақты жарақаттағанын білмейміз. Жігітті ұстады, енді соты болады, - дейді Верониканың туысқаны.

Оқиға болған «Встреча» кафесіне барғанымызда, ондағы жұмыс істейтін персоналдар да бұл жайтты растап отыр. Алайда күдіктінің 20 жаста екенін айтып қалған куәгерлер, 21 жасқа толмаған тұлғаға неліктен ішімдік бергенін түсіндіре алмады.

WhatsApp Image 2021-04-01 at 16.25.07.jpeg
Ең қызығы, қайтыс болған Вероника кәмелетке толмаса да, жігітімен бірге тұрған (куәгер растады) және патронаттыққа алған отбасы да бұдан хабардар (Патронаттыққа алған отбасы балаларға заң жүзінде жауапты екенін еске салайық). 

Ал қайтыс болған қызды жақсы танитындардың айтуынша, Вероника жігітін өте қатты жақсы көрген. Оны әлеуметтік желідегі мына бір скриншоттан да көруге болады. 

Верониканың Instagram әлеуметтік желісіндегі аккаунты

Жігітті жақсы көргені соншалықты, жақындары қарсы болса өзіне қол жұмсайтынын айтқан. Ақыр соңында, 16 жастағы өрімдей қыз сүйіктісінің қолынан қаза тапты. Бүгін Верониканы Ұлан ауданы, Манат ауылында жерлейді.  
Ал Тарбағатай ауданында туған күдіктінің кінәсі мойындалса, оған 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе мүлкін тәркілей отырып, өмір бойы бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылуы мүмкін.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив