Өскеменде жастарға арналған үлкен мәдени орталық салынады
Бүгін облыс орталығы Өскемен қаласының 19-шағын ауданы тұрғындарымен облыс әкімі Даниал Ахметов пен қала әкімі Жақсылық Омар кездесті.
Кездесу барысында тұрғындардың бірі шағын ауданда жастар мен балалардың бос уақыттарын өткізетін орталықтардың жоқтығы айтылып, алдағы уақытта тұрғындар игілігі үшін қандай нысандар салынатынын білмек ниетте мәселе көтерді.
- Үлкен орталық салуды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде музей, кинотеатр, заманауи оқу орталықтары және тағы да басқа бос уақытты тиімді өткізетін кешен іспетті нысан болады. Семейде Абай Арена салынды ғой, сол сияқты Өскеменге де бір кешен керек. Негізгі бағыт жастар мен жасөспірімдерге арналады, - деп жауап берді Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар
Нысан қаланың сол жақ бөлігінде салынбақ. Әзірге құрылыстың орны таңдалып жатыр.
- Қала тұрғындары мен қонақтары тек бір алаңға, орталыққа барып демалмай, әр жердегі нысандарға барса деген ойымыз бар, - деп қосты облыс әкімі Даниал Ахметов.
Айта кетейік, одан бөлек 19-шы тұрғын ауданында үйлердің арасындағы бос жерлерге 3 үлкен сквер салынады. Бұл тұрғындардың демалуы мен балалардың ойнауы үшін ыңғайлы жағдай туғызады. Сквер аумағында ересектердің демалуына арналған алаңдар, шағын амфитеатр, «табиғи» ойын алаңдары, «Скалодром» үйілген төбешігі орналасқан. Балалар үшін түрлі жабындары бар тактильді жол және үлкен құмсалғыш бар. Саябаққа ағаштар мен бұталар, гүлзарлар мен көгалдар егіледі.