Өскемен әкімдігі үлескерлерге құқықтық көмек көрсетеді
Фото: Шартты сурет
«Дайнека» ЖШС тұрғын үйді броньдау шартымен Өскемен тұрғындарынан қаражат жинаған. Алайда мекеме міндеттемелерін орындамапты.
Өскемен қаласы әкімдігі үлестік құрылысқа қатысушыларға өз мүдделері үшін күресте консультативтік ,құқықтық қолдау көрсетеді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
«Дайнека» ЖШС тұрғындардан қаржы жинап, броньдау шарты негізінде үлестік құрылыс жүргізген. Алайда мекеме тұрғын үй жоспары бойынша 2022 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деген уәдесін орындамаған.
Қала әкімдігі үлестік құрылысқа қатысушыларға өз мүдделері үшін күресте қолдау көрсету бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Қала әкімінің орынбасары Арман Ысқақов және «Ертіс» ӘКК АҚ басқарма төрайымы Тамара Рахымжанова үлескерлердің бастамашыл тобымен кездесті.
Қала әкімдігі тұрғындарды кез келген қолжетімді және заңды әдіспен қолдайтынын айтты.
Бүгінгі таңда компания құрылысты аяқтауға ниетті екенін мәлімдеп отырғанына қарамастан кейбір үлескерлер бұл мәлімдемелерге сенбей, ақшаны қайтаруға ниетті.
Қазір үлескерлер «Дайнека» мекемесіне қарсы топтық талап-арыз дайындап жатыр. Қала билігі тұғындар баспана алғанша немесе қаржысын қайтарып алғанша кез келген консультативтік, құқықтық көмек көрсетіп, процесті толық қадағалайтынын жеткізді.