Өскеменде АЭС салу мәселесі бойынша қоғамдық талқылау өтеді
Халық атом саласының сарапшыларына өздерін толғандырған сұрақтарын қоя алады Қоғамдық талқылау келесі аптаға жоспарланған.
Бұл туралы ШҚО әкімінің ресми сайтында жарияланған.
Баршаңызға мәлім, мемлекет басшысы өзінің 2023 жылғы 1 қыркүйектегі "Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары" Жолдауында Қазақстанда атом электр стациясын салу мәселесі бойынша алдын ала халық арасында қоғамдық талқылаулар ұйымдастырып, жалпыұлттық референдум өткізу туралы бастама көтерді.
Жолдауда Қазақстан Республикасының Президенті референдум өткізу мерзімі кейінірек анықталатындығын атап өтті.
Референдум өткізу тәртібі Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 2 қарашадағы "Республикалық референдум туралы" Конституциялық Заңымен реттелген.
Қазақстанда АЭС салу мәселесін талқылау мақсатында референдум өткізгенге дейін қоғамдық талқылаулар өткізу жоспарлануда.
Қоғамдық талқылауларға атом саласының сарапшылары қатысады. Талқылаулар барысында азаматтар АЭС салудағы технологияның қауіпсіздігі, сондай-ақ оның әлеуметтік-экономикалық аспектілері бойынша өздерін толғандыратын барлық сұрақтарды қоя алады, - делінген ақпаратта.
Қоғамдық талқылау 14 қарашада (сағат 10,00) Серікбаев көшесі, 19-үй. Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ №101 мәжіліс залында өтеді деп жоспарланған.