KZ
Өскемен
+20°
небольшая облачность жел 3 м/с, З
478.96 533.03 5.22

Мерекелік концерт тамаша көңіл күй сыйлады

31.08.2024, 01:49 73 Нұржан Кенжеұлы

Өскеменде қатар келген қос мереке Конституция және қала күндеріне орайластырылған ерекше концерт өтті.

Шаһардың Республика алаңында ұйымдастырылған мерекелік іс-шараға шығысқазақстандық және отандық әншілер қатысып, жиналған халықты тамаша көңіл күйге бөледі.

Рас, мерекелік атмосфера мен қызықты бағдарлама қала тұрғындарына ұмытылмас эмоциялар сыйлады. Бұл күні өскемендіктер мен қала қонақтары алдында жергілікті Байжігіт атындағы халық оркестрі, «Alem Sazy» вокалды-инструменталды ансамблі, «Ертіс концерт» солистері, сондай-ақ Ержан Максим, Dakelot, Қобыланды Болат сынды белгілі қазақстандық орындаушылар мен Қырғызстаннан арнайы шақыртылған қонақ – Джакс өнер көрсетті.

Әсіресе, күннің едәуір салқындап кеткеніне қарамастан орталық алаңға келуден бас тартпаған жергілікті өнерсүйер қауым қазақстандық танымал әнші Әміренің өнеріне тәнті болды. Алматыдан арнайы ат арытып келген эстрада жұлдызы «Жылтыр көйлек», «Осы музыка ұнайды», «Сен көріктісің», «My Dunya», «Қыздар-ай» сияқты хит әндерін орындап, жиналған жұрттың ыстық ықыласына бөленді.

Сондай-ақ концерт барысында Тимур Қалиақперов, Ақмарал Төлеужанова, Ботагөз Жұмабекова, Елдар Уадинов, Miras&Lenar, Радмир Тұрсынбеков, Дамир Төлеужанов сияқты орындаушылар өнер көрсетті.

Кеш барысында ұйымдастырылған «Өскемен аруы» байқауы көптің көңілінен шыққаны сөзсіз. Онда облыс орталығының ең сұлу қызы атағы үшін Өскемен қаласының дарынды да сымбатты бұрымдылары сынға түсті. Бұл байқаудың жеңімпазы болып Бағым Балтабаева танылды. Енді ол «Қазақстан аруы-2024» республикалық байқауына қатысып, Өскемен қаласы мен Шығыс Қазақстан облысының намысын қорғайды. 

Сонымен бірге, мерекелік іс-шара аясында сахнаға қала әкімі Жақсылық Омар көтіріліп, Республика алаңын лық толтырған жұртшылықты қос мерекемен құттықтады.

– Құрметті өскемендіктер мен шаһарымыздың қонақтары, сіздерді Конституция күнімен және Өскемен қаласының күнімен құттықтаймын. Бұл мерекелер біз үшін ерекше маңызға ие, сондықтан біз оларға әрқашан асқан жауапкершілікпен дайындаламыз. Баршаңызға бақыт, табыс және өркендеу тілеймін! Мереке құтты болсын! – деді қала басшысы құттықтау сөзінде.

Сондай-ақ, шаһар басшысы «Кел, сөйлесейік» және «Өскемен старс» қалалық байқауларының жеңімпаздарын марапаттады.

Бұдан кейін жиналған қауым назарына «Өскеменім» атты керемет ән ұсынылып, соңы мерекелік отшашуға ұласты.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив