Өскемендік «Ертіс концерт» гастрольдік турға шықты
Өскемендегі «Ертіс концерт» ұжымы гастрольдік сапармен өңірімізді аралап жүр. «Alem Sazy» вокалды-аспаптық ансамблінің және солистерінің қатысуымен өткен шара көптің көңілінен шығып жатыр.
Жыл бастала сапарға аттанған облыстық мәдениет басқармасына қарасты «Ертіс концерт» мекемесінің өнерпаздары «Ұлттық Рухани жаңғыру» және «Ауыл – ел бесігі» жобалары аясында ауыл-ауылда концерт қойып жүр,
«Alem Sazy» вокалды-аспаптық ансамблі мен солистерінің өнерін Алтай ауданы, Серебрянка қаласының және Октябрьск, Полянское, Средигорное ауылдарының тұрғындары тамашалады. Сондай-ақ өскемендік өнерпаздар Алтай шаһарының «Горняк» мәдени-демалыс орталығында да концерт берді.
Бұдан соң көркемөнерпаздар тобы «Ауылым – алтын бесігім» атты гастрольдік сапармен Батыс Алтайдың баурайында жатқан кеншілер шәріне ат басын тіреді. Шығармашылық ұжым Риддер қаласы мен Поперечное ауылының тұрғындарына ән мен жырдан шашу шашып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады
Мерекелік шаралар облыс орталығында жалғасын тапты. «Ертіс концерт» мекемесінің үлкен залында Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор Гүлмира Саринаның «Сағыныш» атты шығармашылық кеші өтті. Концерттік бағдарламада кеш иесінің авторлық әндері, қазақ композиторларының және халық әндері орындалды. Шығармашылық кеште мәдениет саласының үздіктері мен әншінің шәкірттері өнер көрсетті.
Сонымен қатар аталған өнер ұжымы Наурызға орай Өскемендегі Республика алаңында жұртшылыққа тамаша концерт тарту етті.