KZ
Өскемен
+16°
ясно жел 3 м/с, ОБ
479.05 534.57 5.17

Ғалымдар қазақша ым-ишараны танитын жүйе жасады

Фото: 24.kz

5.08.2023, 15:46 340

Хабар24.kz сайтының дерегінше, жасанды интеллект қазақша ым-ишара тілін тани алады. Отандық ғалымдар сөйлеу және есту қабілеті бұзылған адамдарға арналған бірегей жүйе ойлап тапты.

Сайтта жарияланған мәліметтерге қарағанда, жобаның арқасында қазақ тіліндегі ым алфавитін түзуге мүмкіндік туады, деп хабарлайды Altaynews Қазақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Өнертапқыштар жүйені жетілдіру үшін «Ғылым қорынан» грант алуға мүдделі.

Жасанды интеллектке негізделген ғылыми еңбектің артықшылығы – қазақша ымдау тіліне бейімделуінде.

– Бұл ым тілінде көрсетілген сөздерді мәтінге түрлендіріп береді. Әрі қарай сол мәтінді біз сөйлемге түрлендірумен айналысамыз. Есептің осы жағын шешкен соң біз екінші жағын шешумен айналыстық. Қазір 3Д аватар жасау барысындамыз. Оқытылған модельдерімізді 3Д аватарға енгізу арқылы біз табиғи тілдегі сөзді ым тіліне генерациялаймыз, – дейді Л.Гумилев атындағы ЕҰУ жасанды интеллект технологиясы кафедрасының аға оқытушысы Нұрзада Амангелді.

Оның айтуынша, бұл жобаның теңдесі жоқ.

Нұрзада Амангелді әлемдік рейтингі жоғары журналдарға 3 мақала жариялап, оның бірегейлігін дәлелдеген. Өнертапқыш ерекше қажеттілігі бар адамдардың мемлекеттік мекеме, білім беру және медицина нысандарында қысылмай қызмет алуына жол ашады деп отыр. Ол үшін жобаны коммерцияландыру керек. Енді ғалым «Ғылым қорының» грантын алуды көздеп отыр.

– Біз «Ғылым қорының» конкурсына 4 өнім ұсындық. Алфавитті оқытатын тренажер, сөздерді оқытатын тренажер, мобильді қосымша, сонымен қатар ымды танитын және генерациялайтын жүйе. Біз әр тілде 3 мың сөзден қосайық деп отырмыз, жалпы 9000 сөз. Сонымен қатар бізге 5 сурдоаудармашы маман керек. Нейрондық жүйенің көрсеткішін жоғарылату үшін біз әртүрлі адамдармен 1 ымды 100 рет жасайық деп отырмыз. Сонда біздің 9000-90000 болады. Бізді осындай өте көлемді жұмыс күтіп тұр, – дейді ғалым.

Оның айтуынша, жүйе арқылы қазір тапшы саналатын сурдоаудармашыларды дайындауға болады. Мұның өзектілігін «Саңыраулар қоғамы» да мойындады.

  Қазір елімізде сөйлеу және есту қабілеті бұзылған 32 мың адам бар. Өкінішке қарай, олардың толыққанды білім алып, еңбек етуіне мүмкіндік аз. Ал уақыт өткен сайын жетілдіріле түсетін тың нейрондық жүйе бұл олқылықтың орнын толтыруға себеп болады, дейді мамандар.
 


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив