Көшпенділер ойынына дайындық қалай?
Фото: gov.kz
Түркі халықтарының мәдени және рухани жақындасуына септігін тигізетін үлкен спорттық іс-шаралардың бірі – Көшпенділер ойыны. Бесінші рет ұйымдастырылып жатқан бұл ойын биыл Астана қаласында өтеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Дайындық жұмысы қалай жүріп жатыр?
Байрақты бәсеке 8-14 қыркүйек аралығында Астанада өтеді. Көшпенділер ойындарына 100-ден аса мемлекеттен 4000-ға жуық спортшы қатысып, Астанаға 100 мыңнан астам турист келеді деп жоспарланған. Қазір елордада ірі жарысты өткізуге дайындық жүріп жатыр. Дода өтетін нысандар күрделі жөндеуден өтіп, туристер мен қонақтар үшін 32 қонақ үй дайыналуда.
Қонақтар мен туристер қандай іс-шараларды көреді?
Көшпенділер ойындарының идеясын толық ашу үшін еліміздің барлық аймағында «Бірлік керуені» жобасы іске асады. «Қазанат» ипподромының аумағында «Көшпенділер әлемі» атауымен этноауыл құрылады. Этноауылда апта бойы Қазақстан мен әлем елдерінің үздік қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі, шеберлік сабақтары өтеді. Ақындар айтысы мен төл мәдениетімізді паш ететін басқа да іс-шаралар ұйымдастырылады. Этноауылды бір күнде 30 мың көрерменнің аралауына жағдай жасалған.
Логотип пен медаль қандай болады?
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының негізі ұраны – «Ұлы дала дүбірі». Әрбір ірі спорттық жарыстардың өзіне тән ерекше үлгісімен логотипі болады. Бұл доданың логотипінде күнбасты салт атты бейнеленген. Бұл белгі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуші елдердің барлығында қолданылып келеді. Логотиптің жалпы пішін сұлбасы көшпенділер қолдан жасаған тұрмыстық бұйымының сәндік элементтеріне ұқсайды. Логотип қою қызыл түспен боялған. Бұл ақық тастың түсі қан мен отты, жүрек пен күнді еске салады әрі адам бойына қуат береді деген сеніммен ұшталады. Ақық таспен ежелде қамшы, белбеу іспетті бұйымдар әрленген. Ойын атауы мыңжылдықтың басында түркі руналарында қолданылған түпнұсқа шрифтпен жазылған. Логотип түсі көшпенділердің материалдық әлемінен алынған. Ал медаль қола қорытпасынан жасалған. Медальдің ортасында көшпелілер өркениетінің белгісі – ат үстіндегі Күн басты адамның таңбасы бар. Медальдің контуры ұлттық символымыз шаңырақ түрінде жасалған. Медаль таспасы ерекше, сердолик минералының түсі секілді. Онда ойындардың өтетін орны мен уақыты көрсетілген естелік жазба бар.