Қазақстан мен Моңғолия іскерлік байланыстарды нығайтуда
Ұлан-Баторда Қазақстан-Моңғол іскерлік кеңесінің бірінші отырысы өтті. Ол ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 28 қазанда Моңғолияға мемлекеттік сапары аясында ұйымдастырылды,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Отырысқа ҚР Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, ҚР Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов, сондай-ақ екі елдің бизнес-қоғамдастығының өкілдері қатысты.
Ғабидолла Оспанқұлов Қазақстандағы инвестициялар үшін тартымды жағдайлар туралы айтып, ел инвестициялық ахуалды жақсарту үшін белсенді жұмыс істеп жатқанын, шетелдік компаниялар үшін салықтық жеңілдіктер ұсынып, инфрақұрылымды дамытып жатқанын атап өтті.
Іскерлік кеңес отырысының қорытындысы бойынша маңызды құжаттарға қол қойылды: Іскерлік кеңес туралы ереже, сондай-ақ қазақстандық және моңғол компаниялары арасындағы төрт коммерциялық келісім.
Отырыс Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда-инвестициялық ынтымақтастықты дамыту, тәжірибе алмасу және қарым-қатынастарды нығайту үшін тамаша алаңға айналды.
Еске сала кетсек, 2023 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 133 млн долларға жетті. Қазақстан темекі өнімдерін, тамақ өнімдерін, сондай-ақ қозғалтқыштар мен машина жасау өнімдерін экспорттайды. Моңғолия Қазақстанға теміржол вагондарын, құрылыс материалдарын, ет, тоқыма өнімдерін жеткізеді.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысы Моңғолиямен логистика мен ауыл шаруашылығынан бастап мәдениет пен халықаралық фестивальдарға дейін түрлі салаларда ынтымақтастықты белсенді дамытуда. Моңғолиядан келген делегаттар ШҚО аумағында өткізілетін халықаралық іс-шараларға, мысалы, «Алтай – ортақ үйіміз» халықаралық жиынына тұрақты түрде қатысады. Бұдан басқа, жыл сайынғы «Шығыс салбурыны» халықаралық бүркітшілер фестивалін де Моңғолия құсбегілері жібермей қатысады.





