Мемлекет басшысы Моңғолияға алғашқы сапарына ерекше мән беретінін айтты
Қазақстан мен Моңғолия президенттері шағын құрамда келіссөздер өткізді, деп хабарлады Ақорда.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжайлық көрсеткені үшін Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухке ризашылығын білдіріп, өзінің Моңғолияға алғашқы сапарына ерекше мән беретінін атап өтті. Тоқаевтың айтуынша, Моңғолия – Қазақстанның маңызды серіктестерінің бірі, әрі екі халықтың мәдени-тарихи тамырлары мен дәстүрлері ортақ.
Өз кезегінде Ухнаагийн Хурэлсух Қазақстан Президентінің сапары екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Мазмұнды келіссөздер барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамыту, ауыл шаруашылығы, тау-кен және металлургия, энергетика, көлік-логистика, қаржы салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.