Түркі тілдеріндегі ортақ терминдер қолданысы
Фото: yaplakal.com: UGC
Тілдер дамуының әлеуетін көрсететін бірліктің бірі – терминология. Түркі тілдеріне ортақ терминологиялық қор жасау мәселесінде термин жасау үлгілерін зерттеу, жүйелелу, оны ортақ қолданысқа түсіру, терминжасам жолдарын ғылыми негіздендіру, көптілді терминологиялық сөздіктер жасауды қолға алу өте маңызды. Кеңестік Одақ заманында түркі тілдес халықтардың тығыз байланыста болмауы олардың тілдерінің, оның ішінде терминжасам мәселелеріне де кері ықпалын тигізді. Осымен байланысты Ш.Құрманбайұлының: «Түркі тілдері арасындағы терминдерді біріздендіруге, өзара терминалысым үдерісін жолға қою арқылы ортақ терминдер қорын молайта берудің маңыздылығын көрсететін негіз», - деген тұжырымы орынды.
Жалпы алғанда, жаңа бір ұғымды атауда түркі тілдерінде бірлесе отырып термин жасау тәжірибесінің болуы ортақ терминологиялық қорды дамытумен бірге, түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасын құрастыру, көптілді терминологиялық сөздіктер даярлау, тілдерді үйрету, жоғары оқу орындарында филолог мамандардың кәсіби-тілдік құзыреттілігін қалыптастыру үшін де маңызды.
Жалпыхалықтық тіл терминжасамның қайнар көзі екені белгілі, бірақ барлық түркі тілдерінде оның терминжасамға қатысы бірдей емес. Ортақ терминдер жасау мәселесінде ескерілетін басты мәселелердің бірі - осы, яғни түркі тілдеріндегі сөздердің ұқсастығы – оның лексикалық қорында, жалпыхалықтық лексикасында.
Қазақ және туыстас түркі тілдерінде терминдер жасау үлгілерін белгілеу – терминжасам жолдарын дамытудың бір жолы және терминдерді қалыптастыруда термин-модель, термин-үлгілермен алмасу жолдарын қалыптастырады, сондай-ақ түркі негізді сөзжасам жолдарын анықтауға негіз болады. Қазақ және түрік тілдеріндегі ортақтық жалпыхалықтық лексикасында сақталғанмен, екі тілдің де терминжасамында бұл мәселеде ұқсастық, ортақтық аз. Жалпы алғанда, Совет үкіметі дәуірінде тарихи даму тұрғысынан түркі тілдері бір-бірінен оқшауланғаны белгілі. Әрбір тілдің сөздік қоры үздікісіз жаңа ұғымдар мен терминдермен сол тілдік қор арқылы және кірме сөздермен толықтырылып отырады. Мәдениет, әдебиет, ғылым мен техника, білім беру, қоғам талаптарына сай жоғары оқу мекемелерінде мамандық түрлерінің көбеюіне қарай да терминдер дами түседі.
Жалпыхалықтық, жалпыәдеби тілден алынған сөздер – ұлттық терминжасамның қайнар көзі болатындығына үлгі. Біздің басты ұстанатын тірегіміз ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы ұлтымыздың ұлығы А.Байтұрсынұлы бастап берген жол – қазақ терминологиясын дамытудағы сүре де күре жол. Сол замандағы тілімізге еніп бүгінге дейін қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан қазақ тіл білімі терминдері, оның өміршең үлгісі жалғасын табуы үшін тіл жанашары, белгілі ғалым Б.Қалиев айтпақшы: «Қазақша термин жасау үшін не істеу керек? Қазақша термин жасау үшін бір-ақ нәрсе керек. Ол қазақ тілін дамытуға, жетілдіруге деген ақ ниет пен шынайы намыс қана».
Белгілі терминолог Ш.Құрманбайұлы бұл салада терминжасамның лингвистикалық мәселелерін арнайы сөз етіп, салалық мамандарға арналған олардың сөздік түзу, термин жасау барысында басшылыққа алуына болатын әдістемелік, көмекші құралдар дайындаудың қажеттілігі, қазақ тіліндегі сөз тудырушы жұрнақтардың қазіргі терминжасам үдерісінде қаншалықты тиімді пайдаланылып жатқандығын анықтап, оларды термин шығармашылығында қалай орнымен қолданған жөн екендігін көрсетіп бере алатын практикалық тиімділігі бар құралдар дайындаудың маңызы өте зор екендігі, көмекші морфемалардың табиғатын, олардың мағынасы мен қызметін жақсы ажырата білетін, сөзжасам, терминжасам мәселесінен хабары мол маманның атқаратын ісі екендігін, салалық маман, ғалымдардың, арнайы зерттеушілердің қолынан келетін іс ретінде танытуға болатындығын тұжырымдайды.
Түркітілдес тіл білімі терминдері жалпы әдеби, жалпыхалықтық тілден, дилектілерден, тарихи мәтіндер мен басқа туыстас түркі тілдерінен алудың тиімді жақтарын бүгінде өмірлік тәжірибе дәлелдей бастады. Басқа тілдің ықпалы жөнінде С.Исаев: «Тіл қанша бай болғанымен, басқа тілдермен қарым-қатынассыз өз бетімен тек өзінің ішкі мүмкіншіліктерінің шеңберінде ғана қалып қоймайды. Сол тілдің иесі басқа халықтармен әр жағдайда қарым-қатынас жасаудың нәтижесінде тілдердің бір-біріне ауыс-түйіс жасап әсер-ықпал етіп отыратыны белгілі. Әсіресе қоғамдық өмірде ұлы өзгерістер болып жатқанда, жеке бір тілдің ішкі материалдары жетісе бермейді. Сондықтан халықтармен қарым-қатынас жасап отырған тілдің лексика саласында әсіресе жаңа ұғымға байланысты сөз ауысуы – заңды құбылыс. Әсіресе лексиканың терминдер саласында өте-мөте білім мен техникасы дамыған елдің ықпалы ерекше болатыны белгілі»,- деп пайымдаған еді, сондықтан басқа тілдің тілімізге қаншалықты дәрежеде ықпал еткендігі, оның салдары қандай болатындығы болжанып, әсіресе терминдерді қабылдаудағы ғылыми ұстанымдардың негіздемесін жасау қазіргі кезеңдегі аса маңызды, жауапты іс екендігі есімізде болғаны абзал. Жаңа ұғымдарды білдіруде қазақ тілінің өз ішкі мүмкіндігінің мол екендігін дәлелдеу үшін сөздік қордың бай қабаттарын жіті сүзіп қолдану жолдары да айқындалуы тиіс. Бұл тұрғыдан қазіргі кезеңде шығып жатқан Қазақ тілінің түсіндірме, аймақтық, фразеологиялық, этимологиялық, жеке авторлық т.б. толып жатқан сөздіктер мен анықтағыштардан, энциклопедияларынан тілдің мол қазынасын дұрыс пайдаланғанымыз жөн.
1997 жылдары басталған әлеуметтану, саясаттану, құқықтану және экономика салалары бойынша он түркі тіліндегі (қазақ, түрік, азербайжан, башқұрт, қарақалпақ, қырғыз, өзбек, татар, түрікмен және ұйғыр) терминдер сөздіктері даярланды. М.Закиев баянамдамасында аталаған бағыттар бойынша даярланған сөздіктерді лексикографтарға өз тіліндегі терминқорға мүмкіндігінше жақындату үшін тарату қажеттігін айта отырып, белгілі себептермен еңбек баспаға даярлану кезінде тоқтап қалғандығын қынжыла баяндайды. Ғалым бұл жұмыстағы маңызды мәселе деп ғылымның барлық салалары бойынша көптілді терминоллогиялық сөздік жасау үшін түркі тілдерінің дамыған терминқорының мүмкіндігі, әлеуеті мәселесін қояды.
Азербайжан тілі терминология саласының белгілі маманы С.А.Садыкова ең өзекті мәселе түркі тілдерінің ортақ терминдер қорын жасауға баса мән беру қажеттігіне тоқталады. Ол терминдерді түркі тілдеріне ортақ және басқа тілдерден енген терминдер деп топтай отырып, ортақ терминдер санын арттыруда түркі тілдерінің өзара тәжірибе алмасуының маңыздылығын айтады. Жалпытүркілік қор үшін терминологиялық көптілді сөздіктердің қажеттігін, бүгінде оның өте өзекті екендігіне баса мән береді. Ортақ терминдердің жазылу ережелерін бекітіу, қорыта айтқанда, қазіргі түркологиядағы маңызды мәселенің бірі ретінде түркі тілдідеріне ортақ терминдерді қалыптастыру мәселесі екендігіне баса мән береді.
«Түркі тілдерінің ортақ терминқорын қалыптастыру – түркі тілдерінің қазіргі ғылым, салалық кәсіп тілін өзара дамыта отырып, ортақ ғылым, кәсіп тілін қалыптастырудың маңызды қозғаушы күші. Осы арқылы түркі тілдері өзара сөздік қорын қалыпына келтіруге жол ашады. Термин жасау ісінде тәжірибе алмасудың құралы – түркі тілдерінің көптілді терминологиялық және де басқа сөздіктерін жасау».
Бүгінде түркі тілдеріндегі көптілді терминологиялық сөздіктер жасау мәселесі - өте өзекті мәселелердің бірі. Бұл мәселеде мына еңбектерді атап өтуге болады: Э.Севортянның «Түркі тілдерінің этимологиялық сөздігі», Хасан Ереннің «Түркі тілдерінің этимологиялық сөздігі, С.Старостиннің «Алтай тілдерінің этимологиялық сөздігі», Ресей ғылым академиясының Тіл білімі институтының көптомдық түркі тілдерінің этимологияилық сөздігі т.б. Ерекше атап өтетін еңбектердің бірі - «Түркі тілдерінің салыстырмалы сөздігі. Редакциялық алқасын басқарған, белгілі түрік профессоры, түркітанушы А.Ержіласұн бұл сөздікті Кеңестер Одағы таралып, Қазақстан секілді бірқатар түркі мемлекеттерінің тәуелсіздік алған жылдарымен бірге туындаған шығарма деп баға береді. Сөз басында редакциялығына жетекшілік еткен Ахмет Ержіласұн: «Тіліміз бен әдебиетіміз, мәдениетіміз жаңа бір дәуірді бастан кешуде. Жүз жылдар бойы араб, парсы, соңғы ғасырларды батыс тілдерінің ықпалында болып келген түрік тілі бұдан соң өзінің қайнар көзінен қуат алып, дамиды. Бір-біріне жабық қақпалар ашылып, әдебиеті мен тілі бірі-бірінен толықтырылады, одан әрі дамиды» - деп жазған еді. 1200 бет көлеміндегі үлкен көп тілді сөздікте (9 түркі тілі мен соңында орыс тілінде берілген жиілігі жоғары сөздер қамтылған) түркі тілдерінің қысқаша грамматикасы мен айтылым үлгілері де берілген. Сонымен қатар тіл білімі терминдері тұрғысынан Е.Гүрсой-Наскалидің «Түркі әлемінің грамматикалық сөздігі». Бұл сөздікте автор 20 шақты түркі тілдеріндегі грамматикалық терминдерді салыстырып берген. Сөздікті құрастырудағы қиындықтардан ең алдымен кирилл әріптерін қолданатын түркі тілдіеріндегі терминдердің латынша жазылуымен берудегі қиындықтар деп көрсетеді.
Жұмыста айтылған мәселелерді түйіндей келгенде, өзге тілдердің әсерінен түркі тілдерінде пайда болған жаңа мәнге ие сөздерді атауда ортақ тәжірибе алмасудың маңыздылығы түркі тілдеріне ортақ термин жасауға, оның жоғары дәрежедегі үлгілерін пайдалануында. Түркі тілдеріндегі терминдер қорын арттыру түркі тілдерінің сөздік қорының артуына, жақындасуына үлкен ықпал етеді. Қазақ және түрік тілдеріндегі терминдер жасау үлгілерін белгілеу – терминжасам жолдарын дамытудың бір жолы және терминдерді қалыптастыруда термин-модель, термин-үлгілермен алмасу жолдарын қалыптастырады, сонымен қатар түркі тектес сөздерді жасауда олардың туыстас тіл екенін анықтауға болады.
Біздің бұл жұмысты жазғандағы негізгі мақсатымыз қазақ терминологиясын тарихи жағынан зерттеп, оның қалыптасу кезеңдерін, жасалу жолдарын, ары қарай дамуын анықтау, яғни оның ғылым тілін дамытудағы ролін көрсету, қазіргі жағдайын, бағыт-бағдарын анықтау.
Термин негізінен арнайы ұғымдар атауы болғанымен, ол қандай ұғым, қандай мағына арқаласа да ол бір мәнді болуы керек. Көпмағыналық, синонимдік белгілері кейде тексте кездесіп жатады, бірақ бұл терминдердің негізгі табиғатына тән қасиет емес. Қолданыс барысы кейде терминдердің табиғатына кері әсерін тигізуі мүмкін, бірақ бұл жалпылама сипат алмауы керек.
Термин сөздердің қанша жерден баламасы табылып жатса да, ол өзінің бір мәнділік тұтастығын сақтайды, олай болмаған жағдайда ол сөз әлі терминдік сипатқа ие болмаған. Жалпы термин сөздер семантикалық тұрақтылыққа ие болып келеді.
Қазіргі таңда ешбір тілдің жүйесін терминологиясыз танып білу мүмкінемес. Терминологиялық лексика тілдегі қолданыстарға қарай өзгерістерге ұшырап,кейде мүлде қолданыстан шығып, кейде жаңа бір сөзге айналып отырады. Жалпы термин саласының дамуына әсер еткен нәрсе ол жазу, жазу болмаса термин туралы әңгіме қозғаудың мәні бола қоймайды. Терминдердің жасалуына жалпы аударманың әсері зор болатынын айта кету керек. Біз оған зерттеу нәтижесінде көз жеткіздік. Қазіргі қазақ әдебиеті мен түрік әдебиетін алып қарасақ, оның 70-80 процентін кірме сөздер құрайды. Жоғарыда атап өткеніміздей кірме сөздер арқылы көптеген терминдер қалыптасты. Түрік және қазақ ғалымдары бұл терминдердің тек латын тіліндегі нұсқасы өзгертусіз қолданыста болсын деген пікірлері біраз уақытқа дейін талас-тартыс үстінде болып келді. Кейіннен өз тілдеріндегі баламасын табуға кірісті, кейбір ғалымдар тіпті араб, парсы тілдеріндегі терминдерді ғана қолдану керек жоқ болса араб тілінен терминдер ойлап табуды ұсынды.
Ұлттық термин жайлы сөз қозғау үшін жарты ғасыр тағы күтуіміз керек. Жаңа тілге қатысты әрекет ұлттық термин жасауға апаратын ең пайдалы және нақты, шынайы қадам ретінде саналады. Негізгі ұлттық термин жасау мәселелері Ататүрік бұйрығымен, екінші тіл құрылтайынан бері басталған. Османлылардың соңғы кезеңінде терминдердің болуы, қолданысы, түп негізі, жасалынуы және қабілеттілігі жайында үлкен тартыстар болған. Терминдердің жалпылығын қорғаушылармен, теминдердің ислами немесе ұлттық болуын жақтаушылар арасында шыққан тартыстар біраз уақыт жалғасып келген. Аталған барлық пікір-таластардан тіліміз бен термин жасау мәселелеріміз нығайа түсуде.
Қорыта айтқанда, түркі тілдеріне ортақ терминологиялық қор жасауда түркі және қазақ тілдеріндегі термин жасау амалдарын (лексика-семантикалы, морфологиялық, синтаксистік), функционалдық, өзіндік ерекшеліктері мен ортақ сырларын анықтау, тілдік тұрғыдан саралау және осы тұрғыдан ұлттық терминқорды жасауда ұлт тіліндегі термин шығармашылығына кедергі келтірмейтіндей түркі тілдерінің ең озық терминжасамын пайлалану арқылы терминология саласын дамыту.
Рсымбетова Нұржамал
оқытушы