KZ
Өскемен
туман жел 2 м/с, В
504.34 556.34 5.97

Жеке куәлікті ауыстыру толықтай онлайн форматқа көшіріледі

фото: yandex.kz

2.04.2025, 14:00 151 Төлеуғазы Жансая

Сәуір айының соңына дейін жеке куәлікті ауыстыру үдерісі толығымен онлайн режимге өтеді. Бұрын бұл үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, фотосуретке түсу және ұзақ кезек күту қажет болса, енді азаматтар үйден шықпай-ақ жеке куәлігін жаңарта алады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап.

Фотосуреттің талаптарға сәйкестігін бағалау енді маманның емес, жасанды интеллект (AI) жүйесінің міндеті болмақ. Бұл жаңашылдық шамамен 1 миллион адамды ХҚО-ға бару қажеттілігінен босатады.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, өткен жылы ХҚО операторлары 15,2 миллион қызмет көрсеткен.

- Өтініштердің басым бөлігі бірнеше негізгі қызметке тиесілі болғандықтан, оларды толығымен онлайн форматқа көшіру жоспарда бар. Алғашқы кезеңде жеке куәлікті ауыстыру, электронды цифрлық қолтаңба алу және еңбекші мигранттарға рұқсат беру қызметтері автоматтандырылады. Келесі кезеңде көлік, жылжымайтын мүлік және жер құжаттарын тіркеу қызметтері қарастырылуда. Жыл соңына дейін ХҚО жүктемесін 50%-ға дейін азайту көзделіп отыр.
Жаңа жүйе бойынша жеке куәлікті ауыстыру процесі мейлінше оңайлатылған. Азаматтар идентификациядан өтіп, фотосурет пен қолтаңбаны жүктейді, онлайн төлем жасайды және құжаттың дайын болғаны туралы SMS-хабарлама алады. Бұл жаңашылдық мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттырып, азаматтардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді,- делінген министрліктің ресми хабарламасында.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу