Елімізде алғаш рет Инклюзия бойынша Бүкіләлемдік конгресс өтеді

istockphoto.com
2025 жылдың күзінде Алматы қаласында инклюзивті және арнайы білім беру саласындағы халықаралық сарапшылар мен шетелдік білім министрлерінің қатысуымен конгресс өткізу жоспарлануда. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев арнайы білім беру ұйымдарының ұжымдарымен кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды Altaіnews.kz тілшісі.
Министрдің айтуынша, инклюзивті және арнайы білім беруді дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. 2023 жылы министрлік құрылымында осы салаға жауапты арнайы департамент құрылып, бағытты жүйелеуге мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде бір жылдың ішінде шамамен 20-ға жуық нормативтік-құқықтық акт қабылданған. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Арнайы білім беру қажеттілігі бар балаларды кешенді қолдау туралы» ҚР Заңы әзірленіп жатыр.
Қазіргі таңда еліміздегі мектептердің 90 пайызында инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалған. Арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған балалардың үлесі 85 пайызға жетіп отыр. Педагог-ассистент, арнайы педагог, жеке көмекші сияқты жаңа лауазымдар енгізілді. Үш деңгейлі сүйемелдеу моделі жүзеге асырылуда.
Бүгінгі күні Қазақстанда 504 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді, онда 235 мыңнан астам бала оқып жатыр. Сонымен қатар министрлік үздіксіз инклюзивті білім берудің Ұлттық орталығын құру туралы шешім қабылдады.