Шығысқазақстандық жас тергеуші Президент қолынан шен алды
Фото: didar-gazeti.kz
Бесінші маусымда Астанада Мемлекеттік туды көтеру және әскери жоғары оқу орындарының түлектеріне шен тапсыру рәсімі өтті. Осы салтанатты шара барысында Тарбағатай ауданы полиция бөлімінің жас тергеушісі Президент қолынан лейтенант погонын алды.
Іс-шарада үздік 12 түлек Президент – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы қолынан офицерлік шендерін алды.
Мемлекет басшысының қолынан алғашқы құжатты алу құрметіне ие болғандар қатарында Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының түлегі, Тарбағатай ауданы полиция бөлімінің тергеушісі Дана Бақтиярова да бар.
– Бүгін – мен үшін ерекше қуанышты сәт. Себебі Мемлекеттік рәміздер күнінде Президент қолынан алғашқы офицерлік шен алу мәртебесі бұйырды. Бұл саланы бала кезімнен армандағанмын, мен әулетімізден шыққан алғашқы құқық қорғау қызметкері боламын, – деді Дана Бақтиярова.
Курсанттарды ішкі істер министрі Марат Ахметжанов та құттықтап, табандылық пен қызметтеріне сәттілік тіледі.