Қазақстанда мүгедектікті сырттай белгілеу жүйесі тиімді жұмыс істей бастады

gov.kz
Жыл басынан бері елімізде мүгедектікті сырттай форматта белгілеу бойынша пилоттық жоба жүргізіліп жатыр. Осы аралықта Қазақстанның барлық өңірінен 51 мыңнан астам өтінім қаралған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жаңа тәсіл бойынша медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) 30 түрлі ауру бойынша сырттай жүргізіледі. 2024 жылдың өзінде бұл жүйе арқылы 96,9 мыңнан астам өтінім қаралып, ол мүгедектігі бар адамдардың 37%-дан астамын қамтыған.
Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін қызмет алуды жеңілдетіп, қағазбастылық пен артық инстанцияларды болдырмау жөнінде тапсырма берген болатын. Осы тапсырма аясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі және Цифрлық даму министрлігі бірігіп, мүгедектікті сырттай анықтау жобасын іске асырды.
Бұл жүйе бүгінде еліміздің барлық 20 өңірінде жұмыс істеп тұр.
Қызмет қалай жүзеге асады?
Азамат тек тұрғылықты жері бойынша емханаға барып, қажетті тексеруден өтеді. Одан кейінгі процестер – сараптама мен құжат қарау – толығымен электронды жүйелер арқылы, адамның қатысуынсыз жүзеге асады.
Сырттай куәландырудың негізгі артықшылықтары:
- артық құжат жинау мен кабинет жағалаудан босатады;
- сараптама шешімдерінің ашықтығы мен әділдігі қамтамасыз етіледі;
- қызметті үйден шықпай-ақ алуға болады;
- мамандар мен өтініш беруші арасында тікелей байланыс болмағандықтан, сыбайлас жемқорлық тәуекелі төмендейді.
Мамандар бұл тәсіл мүгедектігі бар азаматтардың өмірін едәуір жеңілдетіп, әлеуметтік қорғау жүйесін барынша әділ әрі қолжетімді етуге ықпал ететінін атап өтуде.
Дереккөз: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі