KZ
Өскемен
-12°
переменная облачность жел 1 м/с, С
517.66 606.49 6.44

Медициналық қызмет ақысы өспейді – министрлік түсініктеме берді

25.07.2025, 18:30 306 Гульжан Мусина

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметтер тарифінің көтерілуі жайлы тараған ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме берді. Министрлік бұл жаңалық халық арасында «емделу бағасы өседі» деген қате түсінік туғызғанын айтып, мәліметтің бұрмаланғанын ескертті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Министрлік атап өткендей, медициналық қызметтер тарифі – бұл мемлекет бекіткен және емдеу мекемелеріне көрсетілген қызметтері үшін төленетін сома. Бұл қаражат Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында медициналық ұйымдарға Медициналық сақтандыру қоры арқылы төленеді. Яғни, емделуші ақы төлемейді.

Мысалы, азамат жоспарлы операция жасатса, оған 50 мың теңге көлеміндегі төлем емхананың шотына түседі. Бұл сома тікелей науқастан емес, Қор тарапынан төленеді. Сол сияқты дәрігер кеңесі үшін де белгіленген тариф бойынша медициналық ұйымға ақы аударылады.

Министрліктің хабарлауынша, 2026 жылдан бастап тоғыз негізгі бағыт бойынша тарифтерді көтеру жоспарланып отыр. Бұл шешім медициналық қызметтердің нақты құнын өтеуге, қаржыландыру тапшылығын жоюға және дәрігерлердің еңбекақысын көтеруге бағытталған.

Айта кетейік, 2020 жылдан бері бұл тарифтер қайта қаралмаған. Қазіргі жүйе заманауи медициналық қызметтердің өзіндік құнын толық қамтымай отыр. Сондықтан тарифтерді жаңарту – сапалы және қолжетімді медициналық көмекті қамтамасыз етудің бірден-бір жолы.

Сонымен бірге Денсаулық сақтау министрлігі халыққа берілетін медициналық қызметтер – бұрынғыша тегін болып қала беретінін нақтылады.

Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда азаматтар министрліктің ресми ресурстарына немесе баспасөз қызметіне жүгіне алады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу