2026 жылдан бастап мотор майлары цифрлық таңбаланады
Қазақстанда 2026 жылдың басынан бастап мотор майларын міндетті цифрлық таңбалау жүйесі енгізіледі. Бұл қадам мұнай өнімдері нарығындағы көлеңкелі айналыммен күресуге және тұтынушыларды сапасыз өнімнен қорғауға бағытталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, бүгінде сатылып жатқан мотор майының шамамен 50%-ы көлеңкелі нарықта. Сапасыз май автокөліктің бұзылуына және қымбат жөндеуге себеп болуы мүмкін.
Жаңа жүйе бойынша әр өнім бірегей Data Matrix кодпен белгіленіп, зауыттан дүкен сөресіне дейінгі жолы толық бақыланатын болады. Тұтынушы Naqty Onim мобильді қосымшасы арқылы өнімнің түпнұсқалығын, құрамы мен сапасын тексере алады.