Қазақстанда газ тұтыну деректері цифрлы жүйеге өтті
Қазақстанда газ тұтыну көрсеткіштерін тіркеу жеңілдей түсті. QazaqGaz Aimaq компаниясы газ есептегіш деректерін жасанды интеллект арқылы автоматты тануға арналған мобильді қосымшаны сынақтан өткізуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Қосымша Қызылорда, Қостанай және Түркістан облыстарында тестіленіп жатыр. Тұтынушы тек есептегішті суретке түсіреді, ал жүйе көрсеткіштерді өзі танып, өңдейді. Бұл бақылаушылардың үйге келуін қажет етпейді және қателік ықтималдығын азайтады.
Алдағы уақытта қосымшада төлем тарихын көру, есептегішті тексеру туралы ескертулер, жоспарлы жұмыстар туралы хабарламалар және бонус, кэшбэк жүйесі сияқты жаңа функциялар қосылады.