Әлемде азық-түлік бағасы өсті
depositphotos.com
Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) шілде айында әлемдік азық-түлік бағасы өскенін хабарлады. Баға индексі 130,1 пунктті құрап, маусыммен салыстырғанда 1,6%-ға артқан. Мұндай өсім, негізінен, ет пен өсімдік майларының қымбаттауымен түсіндіріледі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі kazinform.kz порталына сілтеме жасап.
ФАО мәліметінше, азық-түлік бағасы 2022 жылғы рекордтық деңгейден 18,8%-ға төмен болғанымен, 2024 жылғы шілдемен салыстырғанда 7,6%-ға жоғары.
Дәнді дақылдар бағасының индексі 106,5 пунктке түсіп, бір айда 0,8%-ға төмендеді. Бидай мен сорго арзандағанымен, жүгері мен арпа бағасы өскен. Күріш бағасы да ірі экспорттық жеткізілімдер мен әлсіз сұранысқа байланысты 1,8%-ға төмендеді.
Өсімдік майларының бағасы соңғы үш жылдағы ең жоғары деңгейге жетіп, 166,8 пунктті құрады (айлық өсім – 7,1%). Пальма майының қымбаттауына жаһандық сұраныс, ал соя майының өсуіне биоотын өндірісіндегі тұрақты сұраныс әсер етті. Күнбағыс майы Қара теңіз аймағындағы жеткізілімдердің қысқаруына байланысты қымбаттады, ал рапс майы Еуропадағы мол өнім есебінен арзандады.
Ет бағасы 127,3 пунктке жетіп, жаңа рекорд орнатты. Сиыр және қой еті бағасының қымбаттауына Қытай мен АҚШ тарапынан жоғары импорттық сұраныс түрткі болды. Құс еті де сәл қымбаттады, ал шошқа еті ұсыныстың артуынан арзандады.
Сүт өнімдері бағасы 0,1%-ға азайып, 155,3 пунктті құрады. Сары май мен құрғақ сүт арзандағанымен, ірімшік бағасы Азия және Таяу Шығыстағы жоғары сұраныс пен ЕО-дағы ұсыныстың қысқаруы аясында өсе берді.
Қант бағасы 103,3 пунктке төмендеп, бір айда 0,2%-ға арзандады. Бұл төмендеу алдағы жылдары әлемдік қант өндірісінің қалпына келетіні туралы болжамдармен байланысты.