Өскеменде 500 мың теңгелік жүлдесі бар IT-бәйге өтпек
depositphotos.com
18–29 тамыз аралығында Oskemen Hub алаңында Appetite компаниясымен бірлескен CodeMasters Hackathon 3.0 басталады. Биылғы жарыстың басты тапсырмасы – жергілікті кәсіпкерге арналған мобильді қосымша әзірлеу, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
18 тамызда қатысушыларға ресми тапсырма мен техникалық талаптар таныстырылады. Алдағы 10 күнде командалар гастросаладағы кәсіпкердің бизнесін дамытуға арналған қосымшаны жасап шығады.
29 тамызда олар өз жобаларын IT мамандарынан, кәсіпкерлерден және ұйымдастырушылардан құралған қазылар алқасына ұсынады. Жеңімпаз командаға 500 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, хакатон жас мамандарға өз дағдыларын сынап, өңірдегі кәсіпкерліктің цифрлық дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл шара өңірлік IT-қауымдастықты дамытып, стартап мәдениетін ілгерілетуді көздейді.
Өтетін орны: Өскемен қаласы, Қазақстан көшесі, 59/1, 3-қабат, Oskemen Hub.