Жастар мен кәсіпкерлер біріккен жоба – гастроқосымша жасауға кірісті
Өскеменде жергілікті кәсіпкердің тапсырысы бойынша гастросфераға арналған мобильді қосымшаны әзірлеуге бағытталған хакатон басталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бүгін Oskemen Hub базасында жаңа хакатон өз жұмысын бастады. Алғашқы кезеңде қатысушыларға техникалық тапсырмалар берілді. Алдағы он күн ішінде командалар жобаларын әзірлеп, соңында қазылар алқасына таныстырады.
– Біз Oskemen Hub-пен бірлесіп, адамдарға қолайлы әрі ыңғайлы түрде тамаққа тапсырыс беруге мүмкіндік беретін қосымша әзірлеу іс-шарасын ұйымдастырып отырмыз. Үздік жоба үшін 500 мың теңге көлемінде жүлде қоры қарастырылған. Болашақта жеңімпаз командамен бірге қосымшаны соңына дейін жасап шығарып, пайдаланушыларға толыққанды қолжетімді етуді жоспарлап отырмыз, – деді «Appetit» компаниясының басшысы Бауыржан Төлепбаев.
Бауыржан Төлепбаевтың айтуынша, ол бұл шараға алғаш рет қатысып отыр.
«Бір жағынан жас мамандарға қолдау көрсеткім келді, екінші жағынан – компанияға да, пайдаланушыларға да ыңғайлы қосымшаны енгізу маңызды» деді ол.
– Бұл хакатонға мен алғаш рет қатысып отырған жоқпын. Командамызды асығыс құрдық, бірақ өткен жолғыдай биыл да жеңеміз деп ойлаймын. Қазір нақты кейс белгісіз, сондықтан жоспар құру қиындау, бірақ біз міндетті түрде жеңеміз, – деп сенім білдірді қатысушылардың бірі, «Lamas» командасының мүшесі Тамерлан Өмірлиев.
Oskemen IT жетекшісі Дидар Мұратұлы шараның маңыздылығына тоқталды.
– Біздің басты мақсатымыз – өңірдегі IT-медиа саласын дамыту. Бүгін біз «Appetit» компаниясымен бірлесіп, жастарға өз білімін, күшін дәлелдеуге мүмкіндік беріп отырмыз. Шығыс Қазақстан облысының IT-саласын дамытуға мүдделі ең үздік жастарды жинағанымызға сенімдімін, – деді ол.
Дмитрий Чжан
Фото: Александр Шушеньков
Видео: Жалғас Сақадиев
Оқи отырыңыз









