Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру жөніндегі жаңа шаралар туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Құжатқа сәйкес, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қайта ұйымдастырылып, оның негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылады.
Инновациялық қызмет саласындағы функциялар мен өкілеттіктер Ғылым және жоғары білім министрлігіне берілмек. Осылайша, екі ведомство да бұрынғы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің құқықтары мен міндеттерінің құқықтық мирасқоры болып айқындалды.
Президент Жарлығына сәйкес, Үкіметке бірқатар міндет жүктелді. Атап айтқанда, мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволық бағынысты ұйымдарының штат санын қайта бөлу, сондай-ақ Жарлықты іске асыруға қатысты басқа да шараларды қабылдау тапсырылды.
Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымы туралы» Жарлыққа өзгеріс енгізіліп, жаңа министрліктің атауы ресми түрде бекітілді.
Жаңа құрылымның қызметін үйлестіру мен бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелді.
Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енді.