ШҚО-ның әкімі Қытайдың Алматыдағы Бас консулымен кездесті
Облыс әкімі Даниал Ахметов Қытайдың Алматыдағы Бас консулы Цзян Вэй ханыммен кездесу өткізді.
Тараптар кездесу барысында екіжақты ынтымақтастық, ауқымды жобалар мен тауар айналымы турасында пікір алмасқан, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
18 сәуір күні облыс әкімі ҚХР-дың Алматыдағы Бас консулымен кездесіп, маңызды сұрақтарды талқылаған. Екі елдің шекаралас өңірлері арасындағы тауар айналымы былтыр 920 млн долларға жеткен.
"Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен әлеуеті, перспективалы жобалар, оның ішінде қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрған – Қытаймен бірлесіп жылу бөлетін құрастырмалар шығаратын зауыт туралы ақпарат бердім. Біздің шекаралас өңірлеріміздің тауар айналымы 2022 жылы 920 миллион долларды құрады. Қытай тарапы агрокешен, өнеркәсіп, білім беру, медицина, туризм, сондай-ақ логистика мен көлік салалары бойынша ынтымақтастыққа қызығушылық танытты. Бұл бағытта "Майқапшағай-Зимунай" өткелінде және "Тачин-Аягөз" теміржол жобасында үлкен әлеует бар. Сондай-ақ біз өз тарапымыздан зертхананың құрылысын аяқтадық, оны іске қосу ҚХР-ға одан әрі экспорттау үшін өнімді сертификаттауға мүмкіндік береді. Кездесу одан әрі ынтымақтастықты арттыру сипатында өткенін атап өткен жөн", – деп жазды облыс әкімі әлеуметтік желіде.
Оқи отырыңыз