Жазатайым оқиғалар саны 2,7 есе кеміген – ШҚО
Фото: gov.kz
ШҚО ТЖД көптеген жылдар бойы волонтерлік ұйымдармен бірлесе рейдтер, акциялар, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында құтқарушылар еріктілермен бірге балаларға және өзге тұрғындарға қауіпсіздік негіздерін үйретеді.
«Жасыл ел-2023» маусымының ашылуы аясында Жастар ресурстық орталығының еріктілері кедергі жолақтарынан өтіп, өртті сөндіріп, суға батқан адамды құтқаруды үйренді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Құтқарушылар ШҚО ТДЖ Оқу орталығында еріктілерді тұрақты оқытады. Еріктілер сабақта өрт қауіпсіздігі ережелерін, зардап шегушіге алғашқы көмек көрсету және төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл қағидаларын меңгереді.
ТЖД мамандары жылыту кезінде пеш жағатын тұрғындарға өрт қаупі мен көміртегі тотығынан уланып қалмау жолдарын түсіндіру бойынша елеулі жұмыс жүргізді. ТЖД қызметі мен еріктілер 228 мыңнан астам рейд өткізген. Дерекке сүйенсек, осындай шараның арқасында жазатайым оқиғалар саны 2,7 есе кеміп, тұрғын үй секторындағы өрт саны 10% азайған.