Жыл басынан бері ШҚО-да 47 көлік өртенген
Фото: gov.kz
Жыл басынан бері облыста 47 көлік өртенген. Көлік өртінің 75%-ы жеңіл автомобильдерге тиесілі.
Соңғы оқиға Өскемен қаласында 10 шілде күні тіркелген. 1987 жылы шығарылған "Ваз-2105" жеңіл автокөлігі өртеніп кетті, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Машинаның қозғалтқыш бөліміндегі сымдар тұйықталып, агрегаттар жанған. Кейін жалын көліктің салонына тарады. Оқиға орнына жеткен өрт сөндіру бөлімінің мамандары 4 шаршы метр аумаққа таралған өртті сөндірді. Дерекке сүйенсек, өрт қауіптілігі жоғары агрегатпен жұмыс істеу кезінде талаптарды орындамау себебінен шыққан. Дәлірек айтқанда, көліктің электр жабдықтарының техникалық ақауынан жалын тұтанған.
ШҚО ТЖД мәліметіне сәйкес, автомобильдердің өртенуінің себебі көп. Алайда оның ішінде адами фактор басым. Мәлімет бойынша, өрттің жартысы автокөлікті пайдалану ережелерін бұзудан, ал шамамен 15%-ы отты пайдалану ережелерін дұрыс орындамағандықтан болады.
Салонда бензиннің немесе күйген резеңкенің иісі шығуы, капоттың астынан түтін шығуы – өрттен хабар беретін белгілер.
Өрт тұтанған кезде дереу "101"нөміріне қоңырау шалу қажет.