ШҚО әкімі мамандандырылған медициналық орталықтың жұмысымен танысты
Аймақ басшысы Ермек Көшербаев Өскемендегі облыстық мамандандырылған медициналық орталыққа жоспардан тыс барды.
Ондағы бөлімшелердің жұмысымен танысқан облыс әкімі сол жерде емделіп жатқан адамдармен және олардың туыстарымен де сөйлесті. Операциялық блокты көрді. Мұнда дәл осы күні шұғыл түрде атқарылған операцияларды айтпағанда 15 жоспарлы ота жасалған екен, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты.
Халық арасында «бірінші қалалық аурухана» аталған медициналық орталықтың қызметіне жүгінетіндер қарасы өте көп қазір. Адамдардың дені мұнда бейінді мамандардың қабылдауына келеді, шұғыл түрде түсетін науқастар да бар. Орталықта жоғары технологиялық медициналық көмектің 14 түрі көрсетіледі.
Сондай-ақ аймақ басшысы 18 төсек-орынға шақталған реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіне барып, науқастардың алаң көңіл туыстарымен тілдесіп, бөлімше барлық қажетті құрал-жабдықпен жабдықталғанын, ал дәрігерлер өз ісін жетік білетін кәсіби мамандар екенін айтты.
Физиотерапия және екінші хирургиялық бөлімшелерге келетін болсақ, мұнда күрделі жөндеу жүргізіп, кеңес заманынан жұмыс істеп келе жатқан ескі жабдықтарды ауыстыру қажет. Ол үшін орталық басшылығы барлық қажетті заттардың тізімін жазып, содан кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасына өтінім жіберуі керек. Бұл мәселе шешілетін болады және мұндай деңгейдегі медициналық мекеме назардан тыс қалмайды.
Осында емделіп жатқан адамдар дәрігерлер мен медбикелердің жылы қабағы мен жақсы қарым-қатынасына, сапалы медициналық қызметке дән риза екендерін айтып, ағынан жарылды. Ал мұндай мейірімге толы ортада науқастар да жылдам сауығатыны түсінікті.
Облыс әкімі оларға тезірек сақайып, үйлеріне оралуға тілектес екенін білдірді және мамандандырылған медициналық орталықтың барлық бөлімшесі халыққа одан да сапалы қызмет көрсету үшін заманауи және жоғары технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілгенін тағы да атап өтті.