KZ
Өскемен
пасмурно жел 7 м/с, ОШ
494.84 537.4 5.58

«Senim» кәсіподағына кімдер сенім арта алады?

6.10.2023, 19:03 288 Ләззат Қанатқызы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауылдық жердегі медицинаны дамытуға баса назар аударғаны мәлім. Ағымдағы жылдың басында медицина саласын дамытуға 460 млрд теңге жоспарланып, оның 40%-ы ауыл-аймақтарға бөлінетінін де хабарлаған болатынбыз.

Бұл ретте қазір республика көлемінде «Senim» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді. Ол - еліміздегі ең ірі салалық кәсіподақтардың бірі. Денсаулық сақтау ұйымдарының, ғылыми орталықтар, санаторий-курорттық және басқа да медициналық ұйымдардың қызметкерлерін, студенттер мен жоғары және орта кәсіптік білім беру мекемелерінің оқушыларын біріктіреді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Ал медицина қызметкерлері кәсіподағының ШҚО-дағы филиалы 2018 жылы құрылған. Бүгінде ол - өңірдегі ең жас кәсіптік одақ.

- Құрылғанымызға аз ғана уақыт болса да, көптеген жұмыстар атқарып үлгердік. Әсіресе, пандемия кезінде медициналық мекемелерге, тіпті, кәсіподақтың құрамына кірмеген мамандарға көмек, тегін кеңес берілді, - дейді «Senim» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі ШҚО бойынша филиалының төрағасының уақытша міндетін атқарушы Құрманғазы Тілеубеков.

«Senim» кәсіподағының негізгі міндеті - жұмысшылардың құқығын қорғау, еңбек және демалыс жағдайларын жақсарту, жеке және ұжымдық дауларды шешу, медициналық қызметкерлердің мәртебесін арттыру.

- Көбінесе алыс аудандардағы ауруханаларды аралап, ақ халаттылардың мәселесін тыңдаймыз, оны шешуге ат салысамыз. Мәселен, қазір ауылдық жердегі медбикелер мен дәрігерлерге 25 пайыз жәрдемақы төленетінін баршамыз білеміз. Бірақ тек дәрігерлерге, яғни ауруханаға жұмыс істейтін есепші, инженер және басқа да техникалық мамандарға қосымша ақы төленбейді. Олар көбінесе осы мәселеге шағымданады. Биыл мен осы мәселені облыстың келісімшарт жобасына кіргізуге ұсыныс жасадым, - деп атап өтті Құрманғазы Бақыранұлы.

Аталған мәселе алдағы уақытта облыс әкімінің басқаруымен өтетін отырыста талқыланбақ.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу