Емханада пациенттердің құқығын кім қорғайды?
Фото: pexels.com
Кейде пациенттер дәрігер кабинетінен немесе қабылдаудан көңілдері толмай шықса, мәселенің байыбына жету үшін бірден Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына хабарласады. Олардың басым бөлігі емхана немесе ауруханада жұмыс істейтін Пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметіне (ПҚІСҚ) сұрақтарын қойып, сол жерде көмек ала алатындарын білмейді.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ШҚ облыстық филиалында мұндай қызметтер медициналық ұйымдардың барлығында меншік түріне қарамастан жұмыс істейтінін айтты.
Бұл қызмет немен айналысады?
Пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметі (ПҚІСҚ) медициналық көмекті ұйымдастыру мен медициналық ұйымның клиникалық қызметіне талдау жүргізіп, медициналық көмекті көрсету тәртібі мен стандарттарының бұзылуын, медициналық жағдайлар немесе медициналық қызмет көрсету нәтижесінде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіру фактілерін анықтап, азаматтардың өтініштерін қарайды.
«Осында және қазір» қағидаты бойынша жұмыс істейтін қызмет даулы жағдайларды шешуге, пациенттердің құқығын қорғауға, қажет медициналық көмекті алуына жәрдемдеседі. Сонымен қатар, МӘМС жүйесі туралы кеңес беріп, дәрігер тағайындауына қатысты сұрақтарды түсіндіреді.
Егер мәселе қосымша қарауды қажет етсе немесе қызмет оны шеше алмаса, азаматтар өңірлік денсаулық сақтау басқармасына немесе ӘМСҚ-ға төмендегі цифрлық сервистер арқылы жүгіне алады:
• Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы;
• Telegram-бот @SaqtandyryBot;
• Қордың ресми сайты: https://msqory.kz/.
Пациенттерді қолдау қызметіне қандай жағдайларда жүгінуге болады?
- Шұғыл көмек алу немесе учаскелік дәрігерге қаралу үшін сақтандырылған мәртебеңізді талап етсе;
- Учаскелік дәрігер болмағандықтан, қабылдауға кіру мүмкін болмаса (мысалы, жұмыстан шығып кеткен, ауырып қалған немесе қабылдауды тоқтатқан);
- Учаскелік дәрігер/мейірбике/фельдшер үйге шақыртуға бармаса, ал сіз осы емханаға тіркелген болсаңыз;
- Емханада бейінді маман болмаса немесе оның кеңесіне бір ай бойы жазыла алмайсыз десе;
- Медициналық көрсеткіштер бойынша тиесілі диагностикалық немесе зертханалық қызметтерге жолдама ала алмасаңыз;
- Талдау нәтижелерін көрсетпесе;
- Қабылдау кезінде дәрігер дөрекілік танытса немесе өзін лайықты ұстамаса;
- Көрсетілген медициналық көмектің сапасына қанағаттанбасаңыз;
- Қойылған диагноз немесе тағайындалған емге күмәндансаңыз;
- Дәрігер тағайындауы түсініксіз немесе тағы сұрағыңыз болса;
- МӘМС жүйесіндегі мәртебеңізді және жарналарды қалай төлеу керектігін білмесеңіз;
- Медициналық жазбаларыңызда қате ақпаратты немесе жалған жазбаларды анықтасаңыз;
- Жалпы медициналық ұйымның немесе қызметкерлердің жұмысына қанағаттанбасаңыз және басқа да жағдайларда жүгінуге болады.
Көптеген жағдайлар жазбаша шағым түсіруді қажет етпейді, олар қызмет мамандарының әрекетімен сол жерде шешіледі.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының мамандары азаматтарды өз құқығын қорғауда белсенді болуға шақырады. Себебі уақытылы жүгінген кезде әділдікті қалпына келтіріп қана қоймай, жалпы денсаулық сақтау жүйесін жақсартуға да ықпал етеді.