KZ
Өскемен
+2°
небольшой проливной дождь жел 5 м/с, Ю
495.2 522.34 4.94

ШҚО әкімі Зайсанда қаза болған азаматтың отбасына көңіл айтты

15.10.2023, 10:32 1 563 Мадина Амангелдіқызы

Кеше Зайсан қаласындағы бір қабатты қоғамдық монша ғимаратында жылыту қазандығы жарылып, салдарынан бір адам қаза тапты. Зардап шеккен тағы екі адам бар.

ШҚО әкімі Ермек Көшербаев бүгін қара жамылған отбасына көңіл айтып барды. Сондай-ақ ауруханадағы зардап шеккендердің жағдайын да біліп қайтты, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Зардап шеккендер бірден ауруханаға жеткізілген болатын. Бүгінгі таңда екеуі де Зайсан аудандық ауруханасында ем қабылдап жатыр.

Облыс әкімі Ермек Көшербаев ауруханаға барып, зардап шеккендердің қал-жағдайын біліп қайтты. Дәрігерлер екі науқастың да жағдайын қалыпты деп бағалап отыр.

 Бізге түскен науқастардың қал-жағдайы қазір жақсы. Оның біреуі жарақатпен түскен болатын. Диагнозы –  мидың шайқалуы, самай бөлігінің сол жақтағы сүйегінің сызықтық сынуы. Жағдайы орташа, қалыпты. Тамағын ішіп жатыр. Бас айналу, құсу белгілері жоқ. Қажетті емді, дәрі-дәрмектерді қабылдап жатыр. Екінші науқасты жағдайын бақылау үшін ауруханаға жатқызған болатынбыз. Түні бойы бақыладық. Қазіргі жағдайында өзгеріс жоқ, сол қалпы, ешқандай шағым айтпайды,  деді  Зайсан аудандық ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі Дәурен Қыстаубаев.

Аймақ басшысы қаза болған кісінің үйіне де барып, отбасына көңіл айтты. Қаза болған Серік Намазбаев есімді 41 жастағы азамат. Бұл көпбалалы отбасы екен. Балаларының кенжесі әлі бір жасқа да толмаған. Облыс әкімі отбасына мейлінше жан-жақты көмек көрсетілетінін айтты.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу