Қарасора-2023: Шемонаихада 3,5 мың грамм есірткі тәркіленді
Шемонаиха ауданында қазан айының соңына дейін «Қарасора-2023» шарасы жүргізіледі.
«Қарасора-2023» – бұл ауқымды және ең ұзаққа созылған жедел-алдын алу шараларының бірі. Басты мақсаты – есірткінің заңсыз айналымы және таратылу фактілерін анықтау, есірткіні өндіруге және таратуға жол бермеу, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты.
Шемонаиха ауданында аталмыш шара аясында есірткі бизнесіне қатысы бар тұлғаларды анықтау бойынша криминалдық полиция басқармасы, жергілікті полиция қызметі және ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінен жұмыс топтары құрылды. Ауданда ҚР ҰҚК ШҚОД Шемонаиха аудандық бөлімі, шекара қызметі және аудандық прокуратура қызметкерлерімен бірлесе отырып, жабайы қарасора ошақтарын анықтау және жою бағытында ынтымақтастық белсенді жүргізіліп жатыр.
Мәселен, бүгінде Разинское, Октябрьское және Волчанское ауылдық округтерінде жалпы аумағы алты гектарға жуық, салмағы төрт тоннадан асатын жабайы қарасора шабылып, өртенді.
Операция кезеңінде жастардың көп жиналатын ойын-сауық мекемелеріне бақылау күшейтілді: полиция бөлімшелерінің қызметкерлері есірткінің заңсыз айналымы фактілерін анықтау және жолын кесуге бағытталған рейдтік іс-шараларды ұдайы жүргізеді.
Сонымен қатар мұндай фактілердің алдын алу бойынша белсенді іс-шаралар жүргізілуде: профилактикалық әңгімелесулер мен түсіндірулер тұрақты түрде өткізіліп, тақырыптық парақшалар таратылады.
Тиімді кешенді шаралардың арқасында «Қарасора-2023» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталған кезден бері Шемонаиха ауданында 6 қылмыстың алдын алды. Операция барысында тәркіленген өсімдік тектес есірткінің жалпы салмағы – 3560 грамм.