Ұлттық ұлан қатары жас сарбаздармен толықты - ШҚО
Ұлттық ұланның әскери бөлімі 100-ге жуық жас сарбазбен толықты.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөліміне келген жас толымның алғашқы легі Алматы облысы мен Алматы қаласынан шақыртылған, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты.
Әскер қатарына жаңадан келген сарбаздарды жауынгерлік өмірге бейімдеу қажет. Ол үшін әскери психолог мамандар әр сарбазбен жеке әңгімелесіп, жан – жақты зерделеп, әскери өмірдің қыр–сырын үйрету мақсатында взвод командирлеріне табыстайды.
Сарбаздарды зерделеу кезінде басты назар білім деңгейіне, мамандығына, іскерлік және сипаттамалық қасиеттеріне аударылады. Жоспарға сәйкес жаңадан келген сарбаздар бір ай бойы жас жауынгер курсынан өтеді.
Әскери борыштарын өтеуге келген сарбаздар нағыз шыңдалған ер азамат болып шығатындарына сенімді. Ол үшін алдағы бір жыл ішінде тынбай тер төгіп, толықтай әскери өмірді бастан өткеруге тиіс.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің хабарлауынша, жас сарбаздардың салтанатты түрде әскери ант қабылдау рәсімі желтосқан айының соңына жоспарланған.