KZ
Өскемен
-13°
пасмурно Штиль
498.34 519.72 4.85

Дуальді оқыту: тәжірибеден өткізеді, жалақы төлейді

22.11.2023, 18:27 208

ШҚО-ның колледждерінде 4 мыңға жуық студент дуальді оқыту жүйесімен білім алып жатыр. Теорияны өндіріспен ұштастыратын бұл оқыту жүйесінің кәсіптік-техникалық білім беруде алатын орны ерекше.  

Бүгінгі таңда облыстық білім басқармасы өңірлік Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп аймақтағы 28 колледжде 46 мамандық бойынша дуальді білім беруді жүзеге асыруда. Кадр даярлауға «Казцинк», «Өскемен ЖЭО», «Согра ЖЭО», «Бақыршық тау-кен өндіру», «СМУ-Шығыс», «Востокцветмет» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «Риддер орман шаруашылығы» КММ және тағы да басқа жетекші кәсіпорындар жұмылдырылған, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Дуальді оқытуда сабақтың теориялық бөлігі колледжде өтсе, практикалық бөлігі кәсіпорында өтеді. Бұл теория мен тәжірибе арасындағы алшақтықты жояды.  


– Облыс кәсіпорындарымен 448 келісімшарт жасалды. Аймақ басшысының тапсырмасымен биыл Согра ЖЭО-да мамандарды даярлауға кірістік. Қазір онда 19 студент тәжірибеден өтіп жатыр. Олар онда іс-тәжірибеден өтіп ғана қоймай сонымен қоса ай сайын 200 мың теңге көлемінде жалақы алады. Дуальді оқытудың тағы бір артықшылығы студенттің іс-тәжірибеден өткен уақыты оған еңбек өтілі болып есептеледі, – дейді білім басқармасы басшысының орынбасары Алима Ақылбек.



Сондай-ақ Өскемен жоғары политехникалық колледжі студенттері Өскемен ЖЭО-да болашақ мамандықтарының қыр-сырын үйреніп, тәжірибеден өтіп жүр.


– 2013 жылы дуальді оқыту жүйесі қолға алынған кезден бастап Өскемен ЖЭО студенттерге кәсіби біліктілігін шыңдайтын өндіріс алаңына айналды. Біздің кәсіпорын Өскемен жоғары политехникалық колледжімен бірге білім беру бағдарламасы аясында оқытып жатырмыз. Қазір біздің кәсіпорында Өскемен жоғары политехникалық колледждің бес студенті дуальді жүйе бойынша оқып, еңбек етуде. Кәсіпорында студенттерге барлық жағдай жасалған. Болашақта Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да білім беру бағдарламасы шеңберінде жылу және электр энергетика мамандығын ашуды көздеп отырмыз, – дейді «Өскемен ЖЭО» ЖШС корпоративті оқыту орталығының басшысы Наталья Слобочкова. 


Өскемен жоғары политехникалық колледжінде білім алып жүрген  Перизат Асқарқызы қатардағы қарапайым студенттен екіжақты білім алудың арқасында армандаған мамандығының иесі атанды. Бүгінде ол  Өскемен ЖЭО-дағы су режимінің зертханасында жұмыс істейді.

– Колледжде алған білімімді жылу орталығында іс жүзінде дамытып, жетілдіріп жатырмын. Болашақта оқуымды аяқтап, диплом алғаннан кейін Өскемен ЖЭО-да жұмыс істесем деген арманым бар, – деді Перизат.


Дуальді оқыту бағдарламасы бойынша еңбек етіп, білімін тәжірибемен ұштастырып жүрген Өскемен құрылыс колледжінің студенті Павел Прокопчиктің де мақсаты – қазірден құрылысқа араласып, аға буынның ақыл-кеңесін тыңдап, білікті маман болып қалыптасу.    

– Өскемен құрылыс колледжінде 2-курста оқимын. Дуальді жүйе бойынша білім алып, құрылыс алаңында еңбек ете бастадым. Маған осында еңбек етіп жүрген тәжірибелі де білікті мамандар ақыл-кеңесін айтып, көмек береді. Болашақта мықты маман болу үшін қазірден бәрін үйреніп, оқып, тоқып жатырмын, – деп ағынан жарылды Павел.



Автор: Қуаныш РАХМЕТОЛЛАҰЛЫ

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу