Шығыста халықаралық бүркітшілер фестивалі өтіп жатыр
Қыран бүркіт, ұшқыр тазы ерткен аңшылар шығыстың даласында қиқу салып жүр. Өйткені бүгін ШҚО-да «Шығыс салбурыны-2023» халықаралық бүркітшілер фестивалі басталды.
Фестивальда 70-тен астам бүркіт, 30-нан астам сұңқар мен қаршыға, 30-дан астам тазы сайысқа түспек, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Түз тағысының тілін тапқан құсбегілер Ұлан ауданы Бозанбай ауылының іргесіндегі Бүркіттөбеде қыранының бабын, тазысының бағын сынға салатынын бұған дейін де хабарлаған едік.
Салтанатты ашылу рәсіміне Моңғолия, Қытай, Ресей, Қырғызстан және Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған құсбегілер қатысты. Фестиваль құсбегі қарияның батасымен басталды.
Бүгін құсбегілер іріктеу кезңінде және жартылай финалда қырандарын сайысқа түсіреді. Ал финалдық кезең мен асау үйрету, тазы жүгірту сайыстары ертең, яғни, 25 қарашада өткізіледі.
Фестиваль өтіп жатқан Бүркіттөбе басына құсбегілер мен көрермендер үшін 16 киіз үй тігілген.