KZ
Өскемен
+2°
пасмурно жел 5 м/с, Ю
495.2 522.34 4.94

Зайсанда дүбірлі дода өтті

29.09.2023, 18:54 483 Мадина Амангелдіқызы

Аңшылықты серік етіп, саят құрған ата-бабамыздың төл өнері мен ат спорты бүгінгі күнде де заман көшінен қалған емес. Ұлттық спорттың бір тармағына жататын құмай тазы, қыран құспен аң аулау өнері елімізде кешенді түрде дамып келеді.

Осы орайда ШҚО-да «Шығыс Алтай» республикалық турнирі өтті. Бұл күндері қыран бүркіт пен ұшқыр тазы баптап, жеті қазынаны жанына серік еткендер Зайсан қаласына жиналды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Турнир Зайсан ауданының 95 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отыр.

Зайсанды екі күн бойы дүбірге бөлеген айтулы додаға Атырау, Алматы, Абай, Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе облыстарынан, Астана қаласынан, Ұлан, Зайсан аудандарынан келген құсбегілер мен тазы баптаушылар қатысты.

Турнирдің ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы «Құсбегілік» федерациясының вице-президенті Бағдат Мүптекқызы, ҚР құсбегіліктен мемлекеттік жаттықтырушы Күнтуған Базарбек, «Шығыс Алтай» бүркітшілер федерациясының төрағасы Тәттімбет Кәпұлы сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Бірінші күні құмай тазылардың жүгіру жарысы өтті. Оған барлығы 26 тазы қатысты. Жарыста жүйріктігі желмен бірдей қазақы иттердің ұшқырлығы, ептілігі, қырағылығы сыналды.

Жарыстың қорытындысы бойынша,  I орынды Жанат Ахатовтың тазысы Сағым, II орынды Алижан Нұрмұхаметовтың тазысы Сұңқар, III орынды Айдын Асқарбекұлының тазысы Тұйғын иеленді.

Турнирдің екінші күнінде құсбегілер сайысқа түсті.

Бүркітшілер арасындағы тартысты додада I орынды Атырау облысынан келген Арман Қошқарбеков жеңіп алды. Ал II орынды Атырау облысынан келген Сармат Абдукаримов алса, III орынды Астана қаласынан келген Күнтуған Диас иеленді.

Ителгі сайысында I және III  орынды Қарағанды облысынан келген Таңат Оспанқұлов, II орынды Астана қаласынан келген Ерасыл Серікбекұлы алды.

Қаршыға сайысынан I орынды Атырау облысынан келген Сармат Абдукаримов, II орынды Ұлан ауданынан келген Мүбәрәк Алтай және III орынды Абай облысынан келген Ерзат Байқадамов қанжығаға байлады.

Жеңімпаздарға аудан әкімінің атынан мадақтамалар, ақшалай сыйлықтар, кубог, медальдар және Зайсан ауданының 95 жылдық мерейтойына арналған төсбелгілер тапсырылды.

 

#зайсанауданы95жыл  #тазыларсайысы #шқо

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу