Шемонаихадағы ауруханаға балаларды оңалту орталығы қажет
Алзира Асылбекова бір жылдан бері Шемонаиха орталық аудандық ауруханасында дәрігер-педиатр болып жұмыс істейді.
Жас педиатр ауданда неврологиялық патологиясы бар бүлдіршіндердің емделетін жеке орны болса деп армандайды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Ауданда 8 800-ден астам бала бар. Педиатр ұстанатын емдеудің негізгі принципі – зияныңды тигізбеу. Маман медициналық көмек хаттамалары мен стандарттарын қатаң сақтайды. Антибиотиктерді тек көрсетілімдер бойынша тағайындайды.
Аудандық педиатрдың міндетіне мүгедектікті ресімдеу, науқастарды облыстық стационарларға жатқызу да кіреді, патронаж қызметіне жетекшілік етеді.
Алзира Асылбекова тек ағымдағы жұмыстарын ғана атқарып қоймайды, бұрын ауданда шешімін таппаған мәселелермен де айналысады. Мысалы, бір бала ақуыз-энергия жеткіліксіздігі сияқты ауыр дертпен ауырады. Сирек кездесетін аурумен ауыратын сәбиді мамандандырылған тамақпен қамтамасыз ету ТМККК-ға кірмейді. Аудандық педиатр ретінде Алзира Асылбекова бір жасар баланың анасын осы проблемамен бетпе-бет қалдырмай, қолынан келген көмегін аямады. Нәтижесінде мамандандырылған тамақпен қамтамасыз ету мәселесі шешілді.
Алзира Асылбекова ауданға келген жас маман ретінде баспанамен, көтерме ақымен қамтамасыз етілді. Ол сондай-ақ өзінің жоспарлары мен армандары туралы айтты.
Айта кетсек, осы күзде жас дәрігер Шемонаиха ауданының дәрігерлер тобының құрамында Түркияда "Medipol" медициналық орталығында тағылымдамадан өтті.

