Өскеменде Катонқарағай ауданының мәдени күндері басталды
Өскемен қаласында «Туған жер - алтын бесігім» жобасы аясында әр ауданның мәдени күндерін өткізу дәстүрге айналып келеді. Бүгін «Ертіс концерттің» үлкен залында Катонқарағай ауданы өнерпаздарының қатысуымен гала-концерт өтті. Бұл – ауданның мәдени күндері аясында ұйымдастырылған шаралардың бірі.
Гала-концертте өңірдің талантты ұл-қыздарынан бөлек, композитор, этномузыкант Еділ Құсайынов пен Х-Фактор жобасының жеңімпазы Мирас Ерболов өнер көрсетіп, қала тұрғындарын ән мен күйге бөледі, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Сонымен қатар бүгінгі шарада арнайы өскемендіктер үшін «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің жәдігерлері мен суреттерден көрме ұйымдастырылды.
Көрме мен концертті тамашалауға келген қонақтар катонқарағайлықтардан тарту ретінде бал мен қымыздан дәм татты.