KZ
Өскемен
-8°
туман жел 1 м/с, С
498.34 519.72 4.85

ШҚО-да соңғы үш жылда 80-ге жуық спорт нысаны салынды

Фото: Тілеубек Шаяхмет

2.04.2024, 14:57 3 354 Ержан Әбіш

ШҚО-да спортпен және дене шынықтырумен айналысушы тұрғындардың үлесі жылдан-жылға артып келеді. Тек соңғы үш жылдың өзінде өңірімізде 79 спорт ғимаратының салынып, пайдалануға берілуі осы көрсеткіштің ұлғаюына үлкен септігін тигізіп отыр.

Олардың қатарында Өскемендегі Үстел теннисі орталығы, Шемонаиха мен Серебрянка қалаларындағы, Ұлан ауданының Айыртау ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, Күршім мен Самар ауылдарындағы жүзу бассейндері, Марқакөл ауданының Қалжыр ауылындағы спорт модулі сияқты іргелі нысандар бар, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Сондай-ақ былтыр ғана жеке инвестиция есебінен Тарбағатай ауданының Маңырақ ауылында еңселі дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Қазір аталған спорт объектісін аудан әкімдігінің теңгеріміне қабылдау мәселесі пысықталуда.

Жалпы, дене шынықтыру және спорт басқармасы өз қарамағындағы ғимараттарды бұқараға қолжетімді ету бағытында жүйелі жұмыс атқарды. Бүгінде аталмыш нысандар спорт мектептері тәрбиеленушілерінің жаттығуы аяқталғаннан кейін, яғни кешкі уақытта, демалыс күндері ақылы және тегін негізде тұрғындарға ұсынылып келеді.

Басқарманың қарамағындағы спорт нысандарына қазіргі кезде айына орта есеппен 1250 тұрғын барып жүр, олардың 850-і ақылы, 400-і тегін шұғылданады.

Сонымен қатар бүгінгі таңда Өскемен мен Риддердің көптеген аулаларына StreetWorkOut алаңдары орнатылған. Сондай-ақ облыс орталығындағы «Самал», «Комендантка» саябақтары, «Даңқ» мемориалы секілді демалыс аймақтарында түрлі тренажерлар, жүгіруге және велосипед тебуге арналған жолдар бар.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу