ШҚО-да медициналық қызметтің сапасын арттыру жоспары әзірленеді
Фото: ooo-sanatoriy.ru
ШҚО әкімінің орынбасары Дархан Сапанов өңірдегі медициналық ұйымдардың басшыларымен кеңес өткізіп, Пациенттерді қолдау қызметін (ПҚҚ) және ішкі аудитті күшейту, медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту, халыққа медициналық қызметтерді қолжетімді ету мәселелерін қарастырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті ШҚО бойынша департаментінің басшысы Алмагүл Құсатаева ПҚҚ жұмысын жақсарту бойынша айта келе, медициналық қызметтердің сапасын бақылаудың маңызын атап өтті.
Дархан Сапанов денсаулық сақтау басқармасына медициналық бақылау департаментімен бірлесіп, медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, дәрі-дәрмек жеткізу, өлім-жітімді азайту бойынша нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді, ПҚҚ мен медициналық ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды реттеуді тапсырды.
Сондай-ақ ол барлық медициналық ұйымдарға ШҚО мамандандырылған медициналық орталығындағы Пациенттерді қолдау қызметінің тәжірибесін енгізуді ұсынды. Аталған орталықта ПҚҚ маманы тікелей қабылдау бөлмесінде отырып, барлық дауларды реттейді, шағымдар мен ұсыныстарды қабылдайды.