Жаңа Бұқтырмадағы қазақ мектебінің құрылысы жыл соңында аяқталады
Алтай ауданына қарасты Жаңа Бұқтырма кентінде 200 орындық қазақ мектебінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Құрылыс былтыр басталған болатын. Жобаға ШҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы тапсырыс берген. Бас мердігер – «ЕвроТехСтрой-2023» ЖШС, жоба менеджері – Мирғали Теңізбаев.
Бүгінге дейін мектеп қабырғалары тұрғызылып, енді электр сымдарын тарту жұмыстары жүргізілуде.
Жоспарға сай мектеп интерактивті тақталармен, ноутбуктермен, проектормен, лингафон кабинеттерімен, шеберхана жабдықтарымен жарақталмақ. Құрылыс жыл соңына қарай аяқталуға тиіс.
Құрылыс барысымен танысқан аудан әкімі Ринат Құрмамбаев әрлеу жұмыстарын атқару кезінде жұмысшылар санын көбейтуді, сондай-ақ ғимарат құрылысын сапалы жүргізіп, белгіленген мерзімде тапсыруды міндеттеді.