KZ
Өскемен
-22°
туман Штиль
515.25 535.91 5.18

Көшелері асфальт көрмеген ауылдарға көңіл бөлініп отыр – ШҚО

Фото: Редакция архивінен

24.05.2024, 11:50 151 Ержан Әбіш

Биыл ШҚО-да Жол жылы аясында жалпы ұзындығы 600 шақырым болатын жолдар мен көшелер жөнделеді. Оның 180 шақырымы облыстық жолдар болса, 420 шақырымы – аудандық жолдар және елді мекен көшелері, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Биыл облыстық және аудандық жолдарды жөндеу жұмысын қаржыландыру 7 млрд теңгеден 15 млрд теңгеге дейін, яғни 2 есеге ұлғайды. Ал елді мекендердің көшелерін жөндеуді ескере отырып, жалпы 31 млрд теңге игерілмек.

Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев мәлім етті.

– Облыс орталығынан Шымкент, Мәскеу, Новосібір қалаларына ұшақтар қатынай бастады. Енді Ақтау, Ақтөбе, Атырау қалаларына, Абай облысының Үржар ауылына субсидияланатын әуе маршуттарын ашу көзделіп отыр. Сондай-ақ Катонқарағай ауылы мен Зайсан қаласындағы әуежайларды реконструкциялау құжаты дайындалуда, – деді өңір басшысы.

Бұдан басқа Бұқтырма су қоймасы арқылы көпір салу, Осинов асуын айналып өту үшін Өскемен – Рахман қайнары жолын реконструкциялау жалғасып жатыр.

– Сонымен қатар біз көшелеріне ешқашан асфальт төселмеген 79 шағын ауылды таңдап алдық. Біз үш жыл ішінде сол ауылдардағы 120 км орталық көшелерді асфальттап, көше шамдарын орнатамыз, – деді Ермек Көшербаев.

Айта кетейік, Өскемен мен Риддерде жолаушылар тасымалының сапасын жақсарту мәселесі де оң шешілуде. Былтыр екі қалаға 42 автобус сатылып алынса, биыл тағы 76 автобус пен 30 шағын автобус сатып алынады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу