KZ
Өскемен
-7°
туман жел 1 м/с, С
479.23 534.96 5.16

«Жапон тыңшысы» деген жаламен атылғандардың бірі – Дайырбек Оралұлы

Фото: depositphotos.com

30.05.2024, 14:58 103 Ержан Әбіш

Өткен ғасырдың алғашқы жартысындағы саяси қуғын-сүргін миллиондаған адамның тағдырына таңба салды. Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда жүз мыңнан астам адам саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Олардың 25 мыңдайы ату жазасына кесілді. Арасында көзі ашық, көкірегі ояу адамдар көп болды, дені саяси қайраткерлер, мұғалімдер, дәрігерлер, ғалымдар, мәдениет саласының өкілдері, кәсіпорындар мен шаруашылықтардың басшылары еді.

Қуғын-сүргінге ұшырағандардың дерегі жиналған қорда қазақтардың есім-сойы жиі ұшырасады. Олардың өмірбаянын оқысаңыз, кейбірінің белсенді қайраткер болғанын, тағы бірінің білімді азамат болғанын, енді бірінің саясаттан бейхабар қарапайым шаруа болғанын байқайсыз.

Кеңес одағы құлаған соң жаппай жазықсыз сотталған көптеген азамат ақтала бастады. Сол кезде «Ашық тізім» жобасы қолға алынып, қуғын-сүргін құрбандары туралы деректердің базасы жасалды. Тек осы тізімдегі адамдардың саны 3 227 140-тан асып кетті. Кейбірі туралы толық мәлімет жазылған, енді бірі туралы жарым-жартылай деректер кездеседі.

Құрбан болғандар қатарында есімі әлі күнге дейін көлеңкеде қалғандар көп. Сондай жанның бірі – Дайырбек Оралұлы 1878 жылы Ұлан ауданының Желдіөзек ауылында дүниеге келген. Руы – бөрте. Жастайынан орысша, қазақша хат таныған, азды-көпті шаруашылығы болған. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін 1928 жылы колхоздастыру науқаны басталып, белсенділер «артель боламыз» деп халықтың қолындағы малды сыпырып алып жатты. Дайырбек бұған қарсы шыққандардың бірі еді.

Оны «өкіметке, колхоздастыруға қарсы шықты, контрреволюциялық үгіт жүргізді» деп 1930 жылы түрмеге қамайды.

– Шешемді де артынан Желдіөзектен Никитинкаға жаяу айдап, жауап алғаннан соң суық жертөлеге қамап тастаған. Анамның аяғы ауыр еді. Содан кейін туған Қиянат деген баласы жарымжан болып, тек жеті жасында аяғын басыпты. Сол кездері бәрімізді халық жауының балалары деп айдауға ұшыратқан, – деп еске алады Дайырбектің қызы Фарида (суретте).

 

Дайырбек Оралұлы сол кеткеннен Беломорканал құрылысынан бірақ шыққан. Кейін Қарағанды лагеріне ауыстырылады. Бес жылдан соң босатылып, елге оралады. Ауылға келген соң да қарсыластары «халық жауы неге босап шыққан» деп оны көрсете бастаған. Осы бір жаладан құтылғысы келіп нағашылары тұрған Самар ауданына қоныс аударады. Кейін барлығы басылып орныққан шығар деп қайта туған ауылына көшіп келгенде колхоз жұмысына алынбай, тағы шеттетіледі. 1938 жылғы 11 маусымда «Жапон тыңшысы» деген айыппен Дайырбек қайта қамауға алынады. Сөйтіп сол жылдың 1 қарашасында үштіктің үкімімен атылған. Ол 1989 жылы 16 қаңтарда КСРО президиумының жарлығы бойынша ақталды.

Дайырбек Оралұлы екінші рет қамауға алынған соң әйелі Қайша бес баланы өзі асырап жеткізген. Нәубет жылдарында, ашаршылық кезінде Дайырбектің зайыбына ағасы Сағат қамқор болған. Ал бір туған ағасы Қабдыраш колхозда жұмыс істеп, жанұяны асыраған. Алайда ол да «халық жауының баласы» деп қысым көрген.

(Дайырбек Оралұлының жары Қайша ағаларымен және балаларымен)

1942 жылы Сағат та, он жеті жасар Қабдыраш та өздері сұранып майданға аттанған. Кейін Қабдыраш Жапон соғысынан оралып, отбасын құрып, Ұлан ауданындағы «Передовой» кеңшарында бөлімше басшысы, жұмысшылар кооперативінің жетекшісі болды.

Дайырбек Оралұлының балалары оқып жетіліп, абыроймен қызметтерін атқарды. Әкесінің сүйікті қызы Дайырбекқызы Фарида 1953 жылы Жамбыл мектеп-интернатын күміс медальмен бітіріп, Алматы қыздар институтына оқуға түседі. Еңбек жолын Ұлан, Таврия аудандарындағы мектептерде бастапты. Қазір зейнеткер.

Тағдыр тәлкегіне түсіп, өмірдің қиындығын көрсе де Дайырбек Оралұлының балалары әке арманын орындады.

 

Альфия Бақбаева,

облыстық тарихи-өлкетану музейі

экспозициялық көрме бөлімінің меңгерушісі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив