ШҚО-ның туризм саласына 12 млрд теңге инвестиция тартылған
Былтыр Шығыс Қазақстан облысының туризм саласына 12 млрд теңгеден астам инвестиция салынған. Ал биылғы алғашқы тоқсанда салаға 5 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып отыр. Өсім – 10%. Бұл туралы бүгін өткен облыс әкімдігінің мәжілісінде облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысы Ардақ Мәдиев мәлім етті.
Оның айтуынша, өңірімізге келген туристердің де саны жылдан-жылға арта түскен. Айталық, былтыр облыс 370 мыңнан астам саяхатшыны қабылдаса, оның 18 мыңнан астамы шетелдің азаматы, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыстың табиғаты туристерге жыл он екі ай бойы қызмет көрсетуге мүмкіндік беретінін айта кету керек. Сондықтан бұл өлкеде қысы-жазы демалушылардың аяғы үзілмейді.
Облыста туризмді дамытудың басым бақыттары айқындалған. Атап айтсақ, ауыл туризмі, емдеу-сауықтыру, жағажай, шаңғы, экология туризмі жақсы жолға қойылған. Мәселен, ауыл туризмі қазір Глубокое ауданының Зимовье, Катонқарағай ауданының Коробиха, Риддер қаласының маңындағы Поперечное ауылдарында қарқынды дамып келеді. Жалпы өңірде бұл бағытта жұмыс істеп жатқан 60 қонақ үй бар.
Бүгінгі таңда облыста емдеу-сауықтыру бағытында 19 панты-емхана мен үш шипажай, суға шомылып, құмда қыздырынуға мүмкіндік беретін 181 жазғы демалыс базасы, төрт тау шаңғы базасы жұмыс істеп тұр. Мұның сыртында Катонқарағай ұлттық табиғи паркінің, сондай-ақ Марқакөл және Батыс Алтай меммлекеттік табиғи қорықтары аумағында экологиялық туризм ұйымдастырылған.
Айта кету керек, бұл бағыттардың қарқынды дамуы және өңірдің туристік тартымдылығының артуы салаға инсвестиция тартуға және инфрақұрылымды жақсартуға мейілінше ықпал етпек.
Жалпы, Шығыс Қазақстанда туристік бизнесті ынтыландыру мақсатында кәсіпкерлерге мемлекеттен жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр.